Әуезов аудандық полиция басқармасы мен Алматы қалалық Полиция департаментінің бірлесе жұмыс істеуінің арқасында бала көп ұзамай табылды. Кәмелет жасқа толмаған Дамир Серікұлы туыстарының үйінде жүрген болып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Интернат-лицейдің тәрбиеленушісі 12 желтоқсан күні таңертең ерте оқу орнынан шығып кетіп, одан кейін оны ешкім көрмеген болатын. Алматы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Дамирдің жоғалғаны жайлы арыз түсе салысымен, оқу орнының басшылығы, Алматы қаласы полиция құрамы тарапынан шұғыл-алдын алу шаралары қолға алынған. Нәтижесінде жасөспірімді әпкесінің үйінен тапты. Бүгінде полиция оны мұндай қадамға итермелеген себептерді анықтау үстінде.
Еске сала кетейік, осыған дейін біз 15 жасар Дамир Серікұлының жоғалып кеткенін және кетерінде сыныптастарымен арадағы кикілжің жайлы хат қалдырғанын хабарлаған болатынбыз.