Көлік жөндейтін орталықта жанып кеткен 12 көліктің шығынын кім өтейтіні әзірге белгісіз. Көлік иелері бүгін біртіндеп Әуезов аудандық төтенше жағдайлар бөліміне барып, арыз жазып кетіп жатыр. Ал, таңнан бері көлік иелері өрт болған аймақты торуылдаумен әлек. Бәрі де біреу келіп, қандай да бір шешім айтады ма деген үмітте. Еске салайық, кеше түскі сағат 01.00 шамасында Ақсай ықшамауданында орналасқан көлік жөндейтін орталықта жарылыс болып, бір адамды күйік шалған еді. Жөндеуде тұрған 9 көліктің түгі қалмай жанып кетті. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын тарқатады.
Бақтыбай Сұлтанбаев – кеше осы жерге көлігінің тежегісін ауыстыруға алып келген. Жапондық машинасының құны 2 млн-нан асады. Оны да несиеге алыпты. Тұрақты жұмысы жоқ. Қала арасында адам тасып, бала-шағасының нәпақасын осы көлікпен тауып жүрген. Жаңадан алған темір тұлпары көз алдында күлге айналды.
«Сақтандыру бойынша хабарластық, олар біз тек ДТП-ға жауап береміз деп айтады. Өртке жауап бермейміз дейді. Кредитке алғасын банкке хабарласып едім, олар шатағымыз жоқ, кредитті жауып тастай алмаймыз дейді», – деді зардап шегуші Бақтыбай Сұлтанбаев.
Өздеріңіз көргендей, қазір көлік жөндейтін орталықтың түгі қалмай жанып кеткен. Мұнда күлдің иесі қолқаны қабады. Еркін тыныстау мүмкін емес. Көлігін жөндеуге алып келгендер ойламаған жерден жер сипап қалды. Таңнан бері мұнда көлік иелері машиналарының кілттерін іздеп, ал, орталық қызметкерлері қандай да бір жарамды құрал қалды ма деп іздеп әлек.
Техникалық қызмет көрсететін нысан ішінде май құйылған бөшкелер болыпты. Оттың қызуымен солар жарылып, өрт лезде тұтанған. Сол маңда жүргендер бірден өрт сөндірушілерді шақырып, оқиға орнына 60-тан астам адам мен 13 техника жеткен. Темір жабындылардан жасалған ангардың маңы бет қаратпас ыстық болғандықтан, өртті сөндіру де оңайға соқпапты.
Өрт кезінде 47 жасар Олег есімді азамат бастапқыда өртті өзі сөндірмек болған. Салдарынан денесі күйіп қалған. Ол жағдайының жақсы екенін айтып, ауруханада ем қабылдаудан бас тартқан. Ал төтеншеліктердің айтуынша, 12 көлік иесінің бәрі емес, тек 10-ы төтенше жағдайдан зардап шеккені туралы арыз жазған.
«Өрттің шығу себебі әлі де белгісіз. Қазір төтенше жағдайлар қызметкерлері ол жақта зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Зерттеу қорытындысы 10 күннен кейін ғана дайын болады», – деді Әуезов аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Айдар Сқабаев.
Еске салайық, кешегі қызыл жалыннан 9 көлік түгелдей жанып кетсе, сыртта тұрған үшеуіне нұқсан келген. Олардың ең арзаны 2 млн болса, ең қымбаты 10 млн-нан асады деп болжанып отыр. Қазір келген шығын көлемі анықталып, зерттеу жұмыстары жүргізлуде. Қорытынды дайын болғаннан кейін іс сотқа жіберіледі.