Карантин талаптарын тексеру мақсатындағы рейд Наурызбай ауданында да бар қарқынымен жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аудандық мекемелердің жауапты мамандары рейд жүргізді. Мәселен, ауданда 55 ірілі-ұсақты тамақтану орындары болса, оның үшеуі бірден жабылды. Біразына қатаң ескерту берілсе, енді біріне айыппұл салынды.
Ал, арнайы құрылған топ аудандағы бірнеше нысанға бас сұқты. Мәселен, сауда үйіне кірген бойда сатушының бетперде мен қолғап кимегені анықталды. Карантин кезінде санитарлық талаптарды сақтамағанын ол жұмыс істеуге ыңғайсыздық танытқан соң шешіп қойдым деп ақталды. Ал, дүкенге келушілердің көпшілігінде медициналық маска жоқ. Нысанның әкімшілігі, тұтынушылардың әрқайсысын бетпердемен кіруін күні бойы бақылап отыру мүмкін емес, дейді. Ал, аудан басшылығы ережені елемеген орындардың қызметін тоқтатып жатыр.
«Бүгінгі күнге дейін жүргізген жұмыстардың нәтижесінде кешегі күні екі нысан толығымен жабылды. Себебі жанағы санитарлық талаптарды бұзу фактілері анықталды. Ол жерде кәсіпкерлік нысан иелерінің режимді сақтау барысында талаптарды бұзу болып табылады», – деді Наурызбай ауданы Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту жөніндегі бөлімнің бас маманы Жәнібек БЕКЕЖАНҰЛЫ.
Тексеру кезінде карантин ережелерін сақтамаған нысандардың саны едәуір көп болды. Атап өтсек, кейбір сауда орындарында бар тепловизор істемей тұрса, көбісінде мүлдем болмай шықты. Сатып алушылар қатарындағы арақашықтықтың сақталмағандығы, сауда залдарында санитайзерлердің болмауы тағы бар. Ал, жұмыстарын заңсыз жүргізіп отырған нысандарға, олардың қызметін тоқтату шарасы қолданылды.
Елдана Қадырова, "Алматы" арнасы