Қаладан саяжайға ағылған жұрт: Блок-бекеттен өту үшін қандай құжаттар керек

Almaty.tv
Almaty.tv
Жалпы бірнеше күн ішінде операторлар саяжай иелерінен 6 мыңнан астам қоңырау қабылдап үлгеріпті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тұратын саяжай иелері  облысқа қарай ағылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондықтан қала маңындағы блок-бекеттерде ұзынсонар кезек те пайда болған. Дегенмен тәртіп сақшылары тиісті құжаты барларды ұзақ ұстамай, жылдам өткізіп жатыр. Тіпті арасында саяжайына барып, қалаға оралғандары да бар. Жалпы карантин жарияланған Алматы аумағынан саяжай иелеріне қалай шығуға болады? Қандай құжаттар керек?

Кешелі бері Алматыдағы 1308 жедел желісінде тыным жоқ. Хабарласқандардың басым бөлігі саяжай иелері. Қоятын сауалдары ұқсас. Көбіне саяжайға еш кедергісіз жетудің жолы мен қандай құжаттардың қажет екенін сұрайды. Жалпы бірнеше күн ішінде операторлар саяжай иелерінен 6 мыңнан астам қоңырау қабылдап үлгеріпті. Барлығына дер кезінде түсіндірме жұмыстары жүргізілген.  

«Саяжайға қатысты сұрақ 27-28 сәуір күндер көп болды. Жедел желіні босатпай, барлығы толық тұщымды ақпаратты алғысы келді. Біз карантин уақытында тұрғындардың сауалына жауап беру үшін штат санын да көбейттік. Қазір 40 оператор  халық сұрағына жауап берумен айналысады», –  деді  OPEN ALMATY қоғамдық қабылдау бөлімінің директоры  Әлия ЖАҚСЫЛЫҚОВА.

Қажетті ақпаратпен танысып, құжаттарды алған алматылықтар енді облысқа қарай аттанып жатыр.  

Бұл – Алматы қаласына қарасты Наурызбай ауданындағы блок-бекет. Бүгін қала маңындағы саяжайларға асыққан халықтың саны көп. Дәл мұндағы кептеліс 1 шақырымнан асып кетеді. Халық бау-бақшасын ретке келтіруге асық.

Дүйім елге саяжайға жету үшін жекеменшік көлікпен баруына болады. Бірақ кептелісті көрген алматылық Нағима Ержұманова уақытты үнемдеу үшін жаяу баруды шешкен. Ол екі сағат ішінде саяжайына жетіп, қажетті жұмыстарын істеп келді. Оның сөзінше, блок-бекеттен өтуге бар болғаны екі құжат қажет болыпты. Айта кетейік, жердің мақсаттық қолданылуы бау-бақша өсіруге арналған болуы тиіс. Қала билігі барынша жеңіл жағдай жасаған. Электронды өтініш беріп, қиналмағанын айтады.

«Сол мемакт қой.  Жеке куәлік және саяжай кітапшасы деген бар бізде. Базардан сатып алмаймын ғой. Бәрін сол өзімнің саяжайымнан аламын. Қызанақ, қияр, баклажан, бұрыш, құлпынан, таңқурай –  бәрін егіп, күн көріп жатырмыз.  Бәріне таратып беремін сосын», –  деді  саяжай иесі Нағима ЕРЖҰМАНОВА.

Қазір қаладағы 27 блок-бекеттің бәрі қызу жұмысқа кіріскен. Мамандар алдымен әр көлікті тексеріп шығады. Кейін көлік жүргізушісі мен жолаушылардың  дене қызуы тепловизормен тексеріледі. Қалаға кіріп, шыққандардың барлығы арнайы журналға тіркеледі. Бірақ тиісті құжаттары бар азаматтар діттеген жеріне еш қиындықсыз жетіп жатыр. Себебі, қала әкімдігі тез шешім қабылдап, бар болғаны екі құжатты талап етіп отыр. Бірақ бастысы - халыққа жеке бастың тазалығын сақтауға шақырады.

«Ешқандай құжат алудың қажеті жоқ. Саяжай меншігін растайтын заңды құжат пен қосымша екі адамның құжаты керек. Саяжайға барар жолда міндетті түрде медициналық бетперде тағу, қол өңдеуге арналған антисептик болуы қажет. Аса қажет болмаса, саяжай аумағынан шығуға болмайды. Саяжай аумағына көршілерді қонақ кіргізуге тыйым салынады. Бір отбасынан болмаған жағдайда үш адамнан артық топтасуға болмайды»,  –  деді қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан ҚОЖАҒАПАНОВ.

Айта кету керек, қала аумағындағы саяжайға тек заңды иесі ғана өте алады. Жалпы Алматы маңында 400 шақты саяжайға бөлінген жер телімдері бар екен.  

Ескеретін мәселе, саяжайда кәуәп пісіріп, қонақ күтуге болмайды. Рұқсат тек бау-бақша жұмыстарын жасау ғана берілген.  

Жадыра Омаржан, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» арнасы


Новости партнеров