Алматыда 15 мыңнан астам адам 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді мемлекетке қайтарып берген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл туралы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы мәлімдеді. Жалпы қала бойынша қазір 416 045 адамға 42500 теңге төленген.
42500 теңгеге ие болғандардың бірі – Ирина Мартиросян. Ол қаладағы тігін шеберханаларының бірінде жұмыс істейді. Бірақ қазір тігін цехы уақытша жабық. Киім тігетін ісмер әйел карантин салдарынан уақытша жұмыссыз қалып, табысы тоқтап қалған. Ирина әлеуметтік жәрдемақыны алғанына дән риза.
«Біз міне екі айдан бері жұмыссыз отырмыз. 42500 теңгені алуға тура келді. Мен enbek.kz сайты арқылы өтінім бердім. Үш-төрт күннен кейін маған ақша түсті. Әрине, қиын кезде қолдау көрсеткен елімізге рахметімді айтамын», – деді қала тұрғыны Ирина МАРТИРОСЯН.
Жалпы Алматы қаласы бойынша бұл әлеуметтік жәрдемақы 416 045 адамға төленген. Қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мәліметінше 42500 теңгені алып, бірақ кейін қайтарып жатқан адамдар аз емес. Ақшаны мемлекетке қайта тапсырып жатқандар саны ел бойынша 163 075 адамды құраса, қала бойынша бұл көрсеткіш 15 309 адамға жетіпті. Мамандар алғашқы айда бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер саны да алғашқы айға қарағанда едәуір өскендігін айтты. Себебі бұл төлегендер бірінші айда өтінім жібермегендер. Ал, екінші рет төлемнен үміттілер БЖТ-ны қайта жасаудың қажеті жоқ.
«Бірінші айда 10 мыңға жуық адам Біріңғай жиынтық төлемді төлеген. Ал қазір бұл көрсеткіштің күрт көбейгенін байқап отырмыз, яғни біріңғай жиынтық төлемді төлегендер 35 мыңға жуық адамға жетті. Сандар күнделікті өзгеріп жатыр», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат ШИМАШЕВА.
Айта кетейік, Алматыда карантиннің бірінші айында 370 660 адамға 42500 теңге төленсе, екінші айда бұл көмекті алуға 45 385 адам өтініш берген. Басқарма басшыларының сөзінше, екінші айға тағайындалған 42500 теңге 30 сәуірден бастап төлене бастайды.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы