Олар «Аманат-Қамқор» тұтыну кооперативіне алдандық, бірақ алып берер бірде-бір орган болмай тұр», дейді
Жамбылда 200-ге жуық адам 60 млн. теңгесін қайтара алмай жүр. Олар «Аманат-Қамқор» тұтыну кооперативіне алдандық, бірақ алып берер бірде-бір орган болмай тұр», дейді. Ашынған жұрт қалалық прокуратураның алдына жиылып, тіпті ішіне кіруге тырысты. Айтуынша, ақшасын алдап алғандарға әлі күнге ешқандай шара қолданбаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Аманатқа қиянат қылды» деген салымшылардың 30-ға жуығы прокуратура алдына жиылған. Себеп полиция қозғаған іс 2 жыл өтсе де, өрге жылжымай, қаржысының өтелмеуі. Халық «бірден баспаналы боласың» дегендерге сеніп, ақшасын сеніп тапсырған.
«20 адамның алдынан сізді секіртеміз, алдыға шығып жатысыз деді. Ары кетсе 3 айда аласыз деді. 1,5 миллионға 1 үйір жылқымды саттым. Қызыма пәтер сатып әперу үшін. Міне, 1,5 млн қазір түк те болмай қалды», – деді жәбірленуші Гүлжәмилә Сыдықалиева.
«5 млн теңге салғам, тағы олар 5 млн береді. Мен оны бөліп төлеймін. Бұлардың пайдасы сол 1 млн теңге көру керек екен, оның өзін олар бөліп төлеп алады. Кіріске қарамайды, несиең бар ма, жоқ па қарамайды деген соң мен қызығып құйғам», – деді жәбірленуші Айнұр Нұрмағамбетова.
Алданғандар негізінен «Аманат Қамқор-Шымкент» пен «Аманат Қамқор-Тараз» тұтыну кооперативіне қаржыларын құйған. Бастапқыда баспанамен жарылқаймын дегендер үйден үміттілерге пәтер алып қуанған салымшыларды көрсеткен. Кейін олардың жалдамалы екеніне жәбірленушілдердің көз жетті. Ал, «Аманат Қамқор-Тараз»-дың бүгінгі басшысы, бұрынғы басшылардың былығынан, қазір басқалар не үй ала-алмай, не ақшасын қайтара алмай жүргенін айтуда.
«2 жылда мен бастапқыда отырған кезде, 50-60 млн тг дей қайтардым есеп ашық кезде. Одан соң 7 адамға үй алынды да одан соң, бәрі бұғатталды. Қарызын қайтара алмаған кісілер арызданған соң, бұл компанияның жұмысы мүлде тоқтады. Барлық дәлел алдыларында тұр, бірақ ешқандай шара олданып жатқан жоқ қылмыскерлерге», – деді «Аманат қамқор-Тараз» тұтыну кооперативінің төрайымы Гүлжиһаз Қасенова.
Прокуратурадан бұл жайт бойынша ешқандай жауап болмады. Ал, полиция департаментіде істің әлі де тергеліп жатқанын және бірнеше жылға созылуы мүмкін екенін жасырмады.
«Арызында 252 салымшының тұрғын үй алу үшін аударған шамамен 58 миллион теңге қаражатын заңсыз иемденіп алғаны туралы көрсеткен. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 195-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Сондай-ақ, аудиттік тексеріс тағайындалып, сот-бухгалтерлік сараптама жүргізілген. 170-тен астам салымшыдан жауап алынып, әлі де 80-ге жуық салымшының қатысуымен тергеу әрекеттері жүргізілуде. Осы және басқа да себептерге байланысты, қылмыстық істі тергеу жұмыстары ұзақ уақытты талап етеді», – деді қалалық полиция басқармасының бастығы Асылxан Заурбеков.
Әділдік іздеп жауаптылар есігін тоздырғандар, кінәлілер тез арада жауапқа тартылуы тиіс дейді. Себебі «Аманатты» жаман атты қылғандар өзге қалалардан жаңа ұйымдар ашып уайымсыз жұмыс істеп жатқан көрінеді.
Мерей Бает, «Алматы» арнасы, Тараздан