Рейд: Алматының Түрксіб ауданында 170 нысан карантин талаптарын бұзған

12.08.2020 02:39

Түрксіб ауданында арнайы топ 1200 нысанды тексеріп шыққан

Almaty.tv

Түрксіб ауданында жабық типтегі кафелер жұмыс істеп жатыр. Мамандар бас санитар дәрігердің шешімімен тек ашық аспан астындағы қоғамдық тамақтану орындарына ашылуға рұқсат еткен еді. Сондай-ақ, халықтан санитарлық талаптарды сақтауды өтінген. Бүгін арнайы топ аралаған нысандарда даяшылар бетпердесіз қызмет көрсетіп жүр. Рейдке қатысқан Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан тарқатады.

Бұл – Шемякин көшесі бойындағы шағын дәмхана. Мұнда келушілер жоқ деп даяшылардың біраз бөлігі бетпердені шешіп, қалғаны иектеріне іліп қойыпты. Кіреберістегі антисептиктің іші бос. Кафе алдында заңсыз, яғни өрт қауіпсіздігі сақталмай кәуап та пісіріліп жатыр. Ал нанның беті ашық-шашық қалған. Кемшіліктерді көрген тазалық сақшысы мән-жайды анықтау үшін нысан иесін шақыртты. Жұмысшыларына түсіндірме жүргізбеген ол енді айыппұл төлейді. Бірақ онымен қыздар келіспеді.

Ақан сері көшесінде орналасқан дәмхананың жазғы алаңы жоқ. Сондықтан жұмыс істеуіне болмайды дейді мамандар. Бірақ соған қарамастан тексеруші топ тура ас ішіп отырған қонақтардың үстінен түсті. Осыған дейін де мамандар жеке тұлғаға айыппұл салып, қызметін тоқтату туралы ескерту жасаған. Тек оны елеген ешкім жоқ. Әкімшісінің өзі сөйлесуге ниет білдірмеді.

Оқиға болған жерден:

–  Бұл жердің жіберген кемшіліктері біздің Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрінің 72-бұйрығына сәйкес жабық дәмханада тағам беріп жатыр. Ол летник болса бірсәрі.

Айта кетейік, Түрксіб ауданында арнайы топ 1200 нысанды тексеріп шыққан. Оның 170-сінде өрескел олқылықтар анықталыпты. Нәтижесінде, 400-ге жуық хаттама толтырылды. Нақтыласақ, 331-і жеке және 23-і кәсіпкерлік субьектісіне салынған.  Ал шілде айында 100-ден астам қонақ жинап, той өткізген кафеге қатысты істі арнайы ауданаралық әкімшілік сот қарады. Кәсіпкер 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 277800 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Қызметі 1 жарым айға тоқтатылды.

Жадыра Омаржан, Сағынтай Мұңайтпасов, "Алматы" телеарнасы