«Бірнеше айдан бері айлық алмадық» деген «Жамбыл-СУ» жұмысшылары жаппай наразылық танытты

21.04.2020 02:42

Ал, басшылық болса қызметкерлерінің бұл әрекетін бассыздыққа балап отыр

Almaty.tv

Таразда індеттен қорқып жатқан жұрт жоқ. «Жамбыл-СУ» жұмысшыларының қазіргі қорқынышы – жалақы жайы. Бірнеше айдан бері айлық алмадық дегендер мекеме алдына жаппай жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал, басшылық болса қызметкерлерінің бұл әрекетін бассыздыққа балап отыр. Себебі онлайн түрде айлық ақының бәрі төленгенін айтады. Жаппай наразылықтың себебі не?

Бұл – барша облыс орталығын таза сумен қамтып отырған «Жамбыл-Cу»-дағы жағдай. 200-ге жуық жұмысшы кадрлар бөлімінің басшысын осылайша ортаға салып, жалақының мәселесін шешуді талап етуде. Жиналғандардың сөзінше, басшылық жұмыс сағатын 8-ден 4 сағатқа қысқартқан. Соның есебінен жалақының тең жартысы қырқылып отыр. Ал, жарты ай бұрын шыққан бұйрықты жиналғандар білмейміз, дейді.

«Басында бізге ескерту бойынша толық айлық төленеді деген болатын. Біз сол келісім шарт бойынша 8 сағат бойы жұмыс істедік. Денсаулығымызға төнге қауіпке қарамай. Енді 4 сағатқа қана төлейміз деп жатыр», – деді «Жамбыл-СУ» КМК бақылаушысы Салтанат ҚЫЛЫШБАЕВА.

«Айлығымызды өтініш жазған кезде ғана береді. 20 сәуір болды айлығымызды әлі алған жоқпыз. Ақпанның айлығын әлі алмаған балалар бар», – деді  «Жамбыл-СУ» КМК жүргізушісі  Бауыржан ЫРЫСБЕКОВ.

Басшылығына наразы топ, бірнеше айдан бері айлық ақыларын  ала алмай келе жатқанын айтады. Ал, ұжым мүшелерінің бұл базынасын мекеме басшылығы негізсіз деп отыр. Жалықының кешігуін, мекеме атының ауысуына байланысты құжаттық жұмыстармен және, төтенше жағдайға байланыстырған. Дегенмен осы уақытқа дейінгі айлық ақының барлығы төленгенін жеткізді. Жұмысшылардың себепсіз бас көтеруі болса, жұмысты тиімді үйлестіре алмаған бөлім басшысынан, дейді мұндағы билік.

«Әр бақылаушының өз бақылаушысы болды. Олар дұрыс жұмыс жасамады. Бақылаушыларды жіті бақылайтын жауапты маман дұрыс жасамай, жалған ақпарат таратып, осындай келеңсіз жағдайды тудыртып отыр», – деді «Жамбыл-СУ» КМК директорының орынбасары Гүлмира ТОҚАЕВА.

Аталған жағдайға байланысты кейбір бақылаушылардың да айтары бар. Дегенмен жүзін жасыруды сұрады.

Блиц:

– Сол күні жиналғандың барлығы онлайн жұмыс істегеннен кейін алып жатыр айлық. Ол жиналыс қайдан шыға қалғанын білмейміз. Бізге телефоннан хабарлама келді жиналысқа келіңдер деп.

Жұмысшыларды жиып әрі дұрыс ақпараттандырмаған тұлғаны мекеме басшылығы жазаламақ. Ол үшін шулы іс прокуроткураға жолданған. Істің ақ-қарасын солар анықтайтын болады. Ал кәсіпорын әкімшілігі қазір мекемеде жұмыс істейтін 600-ден аса қызметкердің 400-і қашықтан жұмыс істеп жатқанын айтады. Олардың ең төменгі жалақысы 42500 теңге екен. Ал жұмыста жүрген мамандар айлығын ешқандай қысқартусыз алады дейді олар.

Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы,  Тараздан