Петропавлда Есіл өзені ернеуінен асып, облыс орталығының маңындағы 2000-нан астам саяжай мен республикалық тас жолды су шайып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Төтеншеліктердің айтуынша, су тасқыны әлі екі-үш күн жалғасады. Тұрғындар болса саяжайларына жете алмай әлек.
Су басқан саяжайлардың көбі қала маңындағы «Заречный», «Тепличный» елді мекендерінде орналасқан. Солардың бірі «Заречный» кентінен Петропавлға қатынайтын тас жолды да шайып өтті. Ал ауыл ішіне кірген судың деңгейі бір метрге жетеді. Сол себепті автокөліктердің өтуіне рұқсат жоқ. Бұған дейін облыста карантиннің енгізілуіне байланысты тұрғындарға онсыз да саяжайға өтуге тыйым салынған болатын. Олар бар тілегіміз саяжайдағы мүліктер мен үй жануарларын бақылап қайту дейді.
«Бүгін таңертең күзетші хабарласып судың үйге кіргенін айтты. Отбасын басқа жаққа көшіріп жатқанын айтты. Саяжайымызда үй жануарлары қалып қойды. Ұлым жұмыстан келгесін саяжайға барайық деді. Өте аламыз ба, өте алмаймыз ба көрейік деді. Бұрылысқа дейін жеттік, ол жерде МАИ қызметкерлері тұр екен. Жолды жауып тастапты. Оларға барып өтуге рұқсат сұрадым. Жануарларды тамақтандыруға ғана баруға болады деді. Мында құтарушылар болатын шығар, бізге резеңке етік беретін шығар деп ойладық. Бірақ ешкім жоқ», – деді Петропавл қаласының тұрғыны надежда ЧЕРЕВАНОВА.
«Жылда осылай қайталанады. Мен былтыр учаскіні көтерген едім, биыл тағы да көтеру керек болады. Су тасқынынан кейін жылда осылай болады», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Александр ЧЕРЕВАНОВ.
Биыл облыстағы су тасқынының алдын алуға шамамен 500 миллион теңге қаржат бөлінген. Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, екі-үш күнде су тасқыны әлі де жалғасады. Алда жағдайға қарап әрекет етеміз дейді мамандар.
«Біз судың көтерілгенін байқадық. «Тепличный» елді мекенінде топтастыру жұмыстарын жүргіздік ,ал «1-Заречный» аса бақылауда. Төрт топ тәулік бойы күзетеді. Олар екі сағат сайын штабқа жағдайды хабарлап отырады. Бүгінгі күні 2300 саяжай аумағын су басты. Олар Есіл өзенінің алқабында орналасқан», – деді Солтүстік қазақстан облысының ТЖД басшысы Рамиль КАМАЛОВ.
Облысқа үлкен су келіп, Республикалық маңызы бар «Челябі-Новосібір» тас жолының екі бөлігін су басты. Сондай-ақ «Заречный» кентінен 120 шошқа эвакуацияланды. Төтеншеліктердің айтуынша, СҚО-да су деңгейі тағы жарты метрге көтерлуі мүмкін. Қазір Петрпавл су қоймасы 114,8 пайызға толған.
Мөлдір Тәңірбергенова, «Алматы» арнасы