Алматыда да тілсіз жау тоқтар емес. Кеше кешқұрым Думан ықшамауданы мен Бесағаш ауылының тауы тағы өртке оранды. Қызыл жалын шамамен түскі 4-тер кезінде жана бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кеше кешқұрым қыратта өрт тұтанып, тұрғын үйлерді жалмап кете жаздады. Абырой болғанда, төтеншеліктер уақытында отты ауыздықтаған. Тұрғындардың айтуынша, таудағы шөп дер кезінде шабылмағандықтан, жылда осындай өрт тұтанады екен. Оған тіпті көз үйреніп кеткен дейді олар.
«Өрт сөндірушілер келіп, көмектесті, ешқандай шығын болған жоқ. Шөп құрғақ қой, сол себепті жылда болып тұрады. Бұл таулы аймақ қой, ешкім мал ұстамайды, сол себепті шөп шаппайды», – деді Ердәулет ӨГІЗБАЕВ.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сай, өрттен зардап шегіп, қаза болғандар жоқ. Кеше тұтанған қызыл жалын, бүгін таңертең 9-дарда бір-ақ сөндірілген.
«Құрғақ шөптің жануы 14 тамыз күні сағат 9. 30-да тоқтады. Өрт аумағы 45 гектарды шарпыды. Өртті сөндіруге шамамен 150 адам жұмылдырылды. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ», – деді Алматы облысы ТЖД ресми өкілі Азамат ЖҰРТБАЕВ.
Ал еліміздің ішкі істер министрлігі құрғақ шөп бірнеше күн қатарынан жанып жатса да, жағдай бақылауда екенін айтты. Тілсіз жаудың тұтануына күннің қатты ысығаны себеп болған. Бірақ, жаңбыр жауғанның өзінде де табиғи апат сейіліп кетпейді. Керісінше, толассыз жауған жаңбырдан морендік өзендер арнасынан асып, сел жүру қаупі де бар. Қазір Алматы қаласы мен облысына қарасты аумақтарда өрт сөндірілген. Алайда Қостанай, Қарағанды және Ақмола облысында өрт қауіптілігі сақталады.
«Қураған шөптердің тез тұтанатыны белгілі. Оған ауа райынан бөлек адами фактор да әсер етеді. Кейбір адамдар пластикалық, әйнек ыдыстарды тастап кетеді. Сондықтан қалдықтарды таулы аймақтарда тастамаған жөн. Ел аумағында болып жатқан төтенше жағдайлар біздің министрліктің бақылауында», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий ИЛЬИН.
Есте болса, 11 тамыз күндізгі 14.00-де Көктөбе маңында өрт тұтанып, оқиға орнына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев барған еді. Тілсіз жауды өшіруге тікұшақтар мен бірнеше техника жұмылдырылған. Артынша екінші нүктеден де от шығып, жалпы аумағы 20 гектар алқап жанып кеткен болатын. Одан кейін үшінші нүктеден де өрт шыққан еді. Төтеншеліктер оны 3 сағат ішінде сөндірді. Ал, кеше ғана Боралдай сақ қорғанының іргесі мен Аалатау ауданындағы жазық жанып кетті.
Өмір Әнуарбек, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы