Атырау облысы, Индер ауданы, Есбол ауылында болған жантүгершілік оқиғаға байланысты тергеу басталды. Қан жоса болып қайтыс болған 1991 жылғы азаматты өзінің ауылдастары, бір жас кіші ауыл жігіттері соққыға жыққан. Азаматтың азапты өліміне қатысы бар тек 4 күдікті тергеуде, қалғаны бостандықта. Тапа-тал түсте болған оқиғаның басты себебі неде? Өңірдегі Almaty.tv тілшісі айтсын.
Қайтыс болған азаматты 10 күдікті осы жерге әкеліп аяусыз ұрып соққыға жыққан. Кейін қан ізін жасыру мақсатында Жайық жағасына шомылуға кеткен. Ал, қанжоса күйде жатқан азаматты жолай өтіп бара жатқан ауыл тұрғыны көріп қалып хабар берген.
«10 бала болады олар. Мына жерде тепкілеп қуып осы жерге әкеледі. Тап осы жерде інім соққылап құлатты дейді трубамен, осы жерге құлапты. Осы жерде оны аяусыз тепкілеп ұрғылып, сау жері жоқ денесінде. Аяқ-қол бәрі сынған. Басы жарылған, қабырғалары сынған», – деді марқұмның ағасы Алмас Қалғабаев.
Оқиға орнында қан іздері әлі жатыр. Күдіктілер жасарын жасап қолданған қаруды жасыру мақсатында жайыққа апарып тастай салған. 10 күдікті болғанымен оқиғаның толық мән-жайы белгісіз.
«Баланың да ата-анасы айтып жатыр, неге 10-ы бірдей қамалмайды. Неге төртеуі тергеледі. Бірақ Атыраудан дайындалып әдейі келген болып тұр ғой балалар. Алтауы еркін кетеді де, 4 бала қамалып жатады. Сол бізге батып тұр қазір», – деді күдіктінің анасы Сәуле Әзірбаева.
Сәл келіспеушіліктен басталған жанжалдың ақырғы аяғы адам өлімімен аяқталатынын ешкім білмеген. 4 жігіт кісі өліміне тікелей қатысы бар деген күдікпен тергеуде отыр. Ал, қалған алтауы сенімхат пен үйлерінде, дейді. Ешқайсысы да жазадан құтылып кетпейді, деп отыр полиция өкілдері.
«Қылмыс жасалғанда қару ретінде диаметрі 32 мм болатын темір тұрба қолданылды. Ол тұрбаны қылмыстан кейін Жайық өзеніне апарып лақтырып тастаған. 4 баланың сол қаруды пайдаланғаны есепке алынып отыр. Ашық бас ми жарақаты бар», – деді облыстық ПД тергеу басқармасының бастығы Нұрмұхаммед Мүтәлиев.
Марқұмның бауырлары кінәлілер заң жүзінде толығымен жазасын өткеріп, ешқайсысы да сытылып кетпесе екен, дейді. Ал, тергеушілер барлығын қылмысқа тікелей қатысы барлардың ісі заң жүзінде сот шешімімен шешілетінін жеткізді.
Райымбек Сафиолла, Айбек Байзақ, Атырау облысынан