Мұндай қауіп әсіресе Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстарында сақталып тұр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айтуынша, ауа-райының күрт жылынуына байланысты елорданың көптеген аудандары су астында қалды. Ауа температурасы күрт төмендемегенде жағдай қиын болар еді. Осы ретте Ішкі істер министрлігі тарапынан елордалық әкімдікке шаһарды қардан тазартуға кеңес берілді.
«Жұмыс әкімдікпен ұйымдастырылуы қажет. Бұл ішкі істер министрлігінің құзыры емес. Сондықтан ең негізгі міндет - елдімекендерді қыс бойына жиналған қардан тазарту. Осы бағыттағы жұмыстың сапасы Нұр-Сұлтан мен тағы бірқатар өңірде сын көтермейтінін атап өттік», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий ИЛЬИН.
Алайда, коммуналдық шаруашылық өкілдерінің уәжі басқа. «Астана тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшыларының айтуынша, жағдай жіті бақылауда. Нұр-Сұлтан қаласының әр аудандарында күн сайын ондаған қар жинау техникасы жұмыс істейді. Белгілісі, биыл 3 миллион 356 мың текше метр қар қала сыртына шығарылды. Ал еріген қардан пайда болған су шұғыл түрде сорғымен тартылып алынған.
«Тәулік бойы қардан кейін тоқтамай жаңбыр жауды. Қала жолдарының бойында қар еріп жатты. Біз арнайы құбырларды тазаладық, алайда кейбір жерде су жиналуы байқалды. Оған арнайы төрт ауданда мердігерлік ұйымдармен келісімшарттар бар. Сол жұмысты мердігерлік ұйымдар жалғастырды. Біз өзіміз де бақылап отырамыз қала бойынша. Содан кейін өздеріңіз білесіздер, сайт арқылы да көріп, ақпарат түскен бетте арнайы техниканы жіберіп отырдық», - деді «Астана тазалық» ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары Медеу РАЖАНОВ.