Нұр-Сұлтан: Блок-бекеттерде әскерилер демалыссыз жұмыс істеуде

25.03.2020 02:59

Әскери қызметкерлер тәулік бойы қорғаныс бекеттерінде үш ауысыммен кезекшілікте тұрады

sputniknews.kz

Бақылау бекеттерінде Қорғаныс Күштерінің әскерилері Ұлттық Ұлан және полициямен бірге үзіліссіз әрі демалыссыз жұмыс істеуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олар шатырларда дала жағдайында тұрып жатыр.  Мұнда барлық жағдай жасалған. Осы жерде тынығып, тамақ ішеді. Үш мезгіл ауқаттанады. Бұл біз үшін үйреншікті өмір салты, дейді әскерилер.

«Біз үшін шатырда өмір сүру – бұл үйреншікті іс. Өйткені біз полигондарға, әр түрлі оқу- жаттығуларға жиі шығамыз Әскери қызметкерлердің көңіл-күйі жақсы. Бұған дейін айтылғандай, бұл жерде біздің міндетіміз ІІМ қызметкерлерімен бекетте жалпы тәртіпті қалыптастыру бойынша өзара іс-қимыл жасау. Медицина қызметі бізге бір реттік бетперделер әкеп тұрады. Сондай-ақ, қолды тазалауға, жууға арналған дезинфекциялық құралдар бар. Тәулігіне екі рет медицина қызметкерлері келіп, шатырды дезинфекциялайды», – деді Нұр-сұлтан қаласындағы №1 қорғаныс бекетінің командирі Алтынжан ЧУГАРОВ.

Әскери қызметкерлер тәулік бойы қорғаныс бекеттерінде үш ауысыммен кезекшілікте тұрады. Сергектік ауысымындағылар тұрмыстық мәселелермен айналысса, тағы үш адам демалушы ауысымында болады.

Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы