Жаза дәптері: Жетісайдағы өгей шеше қыздарға көрсеткен қорлықтарын тізіп жазып отырған

Жаза дәптері: Жетісайдағы өгей шеше қыздарға көрсеткен қорлықтарын тізіп жазып отырған
Қыздардың айтуынша, азаптау екі жылдан бері жалғасып келіпті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қоғамда үлкен резонанс тудырған Жетісайдағы өгей шеше мен үш қыздың оқиғасына қатысты жаңа деректер анықталып жатыр. Белгілі болғандай, күдікті келіншек балаларды қалай қорлағанын дәптерге тізбектеп жазып отырған деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жеткіншектердің айтуынша, әкелерінің азаматтық некедегі жары олардың денесін пышақ, қайшымен тілгілеп, темір құралдарымен 150 реттен дүре соққан. Тырдай жалаңаш тоңазытқышқа қамап, мұздай суға тұншықтырған. Апалы-сіңлі үш қызды өгей анасы осылай екі жыл бойы азаптап келген көрінеді.      

11, 13 және 14 жастағы апалы-сіңлі үш қыздың өгей шешеден көрмеген қорлығы жоқ.

«Көрпенің астына жатқызып тұншықтырды, ваннаға су толтырып, оған да басымызды тықты. Кейін кәуап шаншитын істік темірмен басымды, арқамды, денемнің бәрін піскіледі. Кемпірауызбен екі аяғыма елу реттен ұрды. Сол аяғымды ыстық сумен күйдірді. Қолымның бәріне ыстық су шашып, қайшымен кесіп тастады. Ыстық пешке табанымды басты», – дейді кішкентай Мәншүк,

Ал, Милана болса, өгей шешесі тілін кемпірауызбен қысып, балтырына пышақ тыққанын, басын қабырғаға ұрғанын айтады. Тіпті шашынан сүйреген де кезі болыпты.

«Мені пештің үстіне отырғызып қойып, жуынды берді. Шайға кір жуатын ұнтақ қосып берді. Аяғымды ауыр темірмен ұрды» - дейді Сабина.

Апалы-сіңілі үш қыз екі жыл бойы осылай азапталып келсе де, бұл жайында ешкімге тіс жармаған. Егер мектеп мұғалімдері кездейсоқ байқап тәртіп сақшыларын шақырмағанда, бұл сұмдықтың беті ашылмас еді. Себебі туған аналары тастап кетіп қалғанда, әкелері инсульт алған екен, қыздар әкеміз тағы ауырып қалар деп, қорлыққа көніп жүре берген.

«Ешкімге айтқымыз келген жоқ. Себебі әкеміз анамыз кетіп қалғаннан кейін қатты қиналды. Сондықтан оның екінші рет сондай күй кешкенін көргіміз келген жоқ», - дейді Сабина.

Қыздардың әкесі бауыр еті балаларының осыншама қорлық көріп жүргендерін білмегенін айтады. Отағасы таңның атысы, кештің батысы көлік жөндеумен айналысқан. Оның үстіне, өгей аналары қыздарға үстіне ұзын кигізіп, көгерген жерлерін опамен жасырып отырған.    

Туыстары да Жұлдыз Көбееваның балаларды тоңазытқышқа қамап, ыстық пештің үстіне отырғызып, аяусыз қинағанын айтады. Ал мұның барлығын қатігез ана өзінің жаза дәптеріне тізіп жазып отырған екен.  

«Бұл азаптың басталғанына екі жыл болған. Өгей шешелері «ешқайда қашып құтыла алмайсыңдар» деп қыздарды әбден қорқытып қойған. Тіпті, ол өзінің істегендерін арнайы дәптерге жазып та жүріпті. Әкелері келгенде күліп тұруға зорлап көндірген» - дейді қыздардың жеңгесі Эльвира ҚОЙЫМБЕТОВА.

Қазір қыздар да, туыстары да өгей ананың заңмен жазаланғанын талап етуде. Мәселе құзырлы орындардың тікелей назарында. Ал апалы-сіңілілер әжелерінің қамқорлығына берілді. Олармен психолог мамандар жұмыс істеуі тиіс дейді жақындары.  

Елді шулатқан өгей шешенің өзі қазір қамауда жатыр. Өзінің екі жасқа толмаған баласы бар және екіншісіне аяғы ауыр келіншектің неліктен осыншама зұлымдыққа барғаны түсініксіз. Енді оның жағдайын сот шешеді.

Салтанат Нысанбек, Жігер Бабаханов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров