Осыдан бір ай бұрын техникалық жөндеу орталығында өртеніп кеткен 20 көлікке қатысты өрт-техникалық сараптама қорытындысы шықты. Бұл туралы зардап шеккен азаматтар айтып, алайда нәтижеге қанағаттанбайтынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың сөзінше, оттың нақты неден тұтанғаны сол күйі белгісіз. Сондай-ақ, көлік жүргізушілері тергеу жұмыстары атүсті жүріп жатқанын, ал жөндеу орталығын жалға алушылар мен ғимарат иелері байланысқа шығуға құлықсыз дейді. Енді азаматтар тексерісті қайта жасауды талап етпек.
«Сарапшылар өрттің себебін анықтай алмаған. Меніңше, олар осылайша жауаптан жалтарып отыр деуге болады. Біз прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне жүгіндік. Енді осы сараптама қорытындысымен азаматтық сотқа жүгінбекпіз», – деді зардап шегуші Әлішер Айтмұханов.
Еске салсақ, 3ақпанда Сәтпаев көшесінің бойында орналасқан техникалық жөндеу орталықтарының бірінде ірі өрт болып, салдарынан 20 көлік жанып кеткен еді.