Дабыл қаққан тұрғындар дереу полиция қызметкерлерін шақырған
Петропавл қаласындағы ойын-сауық кешені локдаунға қарамастан түнгі уақытта жұмыс істеген. Тіпті, келушілер тыныш отырмай төбелесіп, шу шығарған. Кейбірі кешеннің шатырына шығып, тұрғындардың әбден есін шығарған көрінеді. Толығырақ өңірдегі Almaty.tv тілшісі айтып берсін.
6 ақпанда түнгі сағат 01.00 шамасында, полиция қызметкерлеріне Ж. Жабаев және С. Мұқанов көшелерінің қиылысындағы тұрғын үйдің терезелерінің астында бір топ жігіттің төбелескені жайында хабар келіп түскен. Локдаунға қарамастан, жастар ойын-сауық ғимаратында жиналып, көңіл көтерген. Алайда біраз уақыттан соң, араларында жанжал туындап, соңы төбелеске айналған.
«Мен бұл үйде тұрамын. Сол түні масқара шу болды. Карантинге қарамай ойын-сауық кешені жұмыс істеген. Содан шыққан жастар осы үйдін терезелер қағып, мазасын алды. Өзім видео түсірген жоқпын. Осы ойын-сауық алдында ылғи да шу шығып отырады», – деді қала тұрғыны Алтынай Құсайынова.
Дабыл қаққан тұрғындар дереу полиция қызметкерлерін шақырған. Алғашқы патрульдік көлік бес минут ішінде келген. Тәртіп сақшыларының қолына түспеу үшін ойын-сауық мекемесіне келушілер, тіпті, мына шатырға мініп, оқиға орнынан қашуға тырысқан.
Тәртіп сақшылары келген соң көшеде сырт киімсіз қалған адамдардан жауап ала бастаған. Олардың бірі төбелес салдарынан жарақат алып, оған жедел жәрдем шақыртылыпты. Арада біраз уақыт өткен соң қызметкерлер пәтер иелерінің балконы арқылы өтіп бұзабыларды шатырда ұстаған.
«Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, 2-бөлімі «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Карантиндік шектеулерді бұзғаны үшін 26 материал жиналды және аталған мекемені жалға алушы мен жұмыскерлеріне, сондай-ақ келушілерге де қатысты әкімшілік тәртіпке тарту туралы мәселені шешу үшін, «Петропавл қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына» жолданды», – деді жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға-инспекторы Айнұр Танкебекова.
Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысы бойынша, ойын-сауық кешендері дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 20:00-ге дейін ғана жұмыс істейді, ал демалыс күндері облыста локдаун енгізіліп, мекемелердің жұмысына шектеу қойылған. Карантин шараларын бұзғаны үшін мекеме иелеріне 230 АЕК-ден 310 АЕК-ге дейін айыппұл салынуы мүмкін.