Ұшақ апатынан тірі қалған әскери қызметкерлер бірден №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккен екі азаматтың жағдайы ауыр. Қазір олар жансақтау бөлімінде. Екеуіне бас ми жарақаты диагнозы қойылған. Бірінің денесін 50 пайыз күйік шалса, енді бірі 30 пайыз термиялық күйік алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Біреуінің ашық сол жақ сирақ сүйектерінің сынуы, кеуде жарақаты. Екінші науқастың диагнозы бас ми жарақаты, термиялық күйік 30 пайыз. Төртінші саусақтың сынуы және кеуде қуысының жарақаты», – деді №4 қалалық клиникалық ауруханасының травматолог дәрігері Руслан Тоқушев.
Қаланың ең тәжірибелі дәрігерлері ауруханаға шақыртылып, апаттан зардап шеккен азаматтарға ем-дом жасап жатыр. Атап айтсақ, кезекшіліктегі 4 травматолог, 3 хирург, реаниматолог пен нейрохирург мамандар жағдайларын тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Одан бөлек, лор дәрігерлер мен окулисттер де арнайы шақыртылған.
«Өздеріңізге белгілі, бұл қаладағы ең ірі әрі тәжірбиелі мамандар жиналған травматологиялық аурухана. Ұшақ апатынан зардап шеккендерге ем шараны жүргізу үшін қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер жеткілікті. Ақ халаттылар науқастардың өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салуда», – деді №4 қалалық клиникалық ауруханасының травматолог дәрігері Руслан Тоқушев.
Белгілі болғандай, ұшақ апатынан зардап шеккен бір азамат 1987 туылған болса, екіншісі 1996 жылғы азамат. Олар қазір жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің хабарлауынша, науқастардың туысқандарымен де хабарласып, арнайы ақпараттар беріліп жатыр екен.
Айта кетейік, оқиға орынында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының 10 реанимобильді жедел жәрдем тобы жұмыс істеді. Қала билігі апаттан аман қалған әскерилердің өмірін сақтап қалу үшін барлық күштің жұмылдырғанын мәлімдеді.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы