Шымкенттің қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері, танымал трансплантолог, бірінші санатты хирург Абылай Донбай тұтқындалды. Ол Қылмыстық кодекстің екі бабына сәйкес күдіктеліп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ІІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Абылай Донбай 18 қарашада тұтқындалған. Қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігеріне Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылып отыр. Тергеу нұсқасы бойынша, ол ұлтаралық қылмыстық топтың қатысушысы болуы мүмкін. Сонымен қатар адам ағзаларын заңсыз алды деп айыпталуда.
Тергеу Абылай Донбай бүйректі алу және орнату бойынша бірнеше заңсыз ота жасаған деп топшылап отыр. Ол Өзбекстан, Қырғызстан және Украина азаматтарының бүйрегін трансплантация жасап, сол үшін қомақты сыйақы алған деген күдікке ілінді.
Қазіргі уақытта клиникалық аурухананың бас дәрігері уақытша ұстау изоляторында отыр.