Таразда жезөкшелердің 3 бірдей "ордасы" анықталып, 45 адам құрықталды

21.11.2020 03:30

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды

ашық дереккөзден

Тараз қаласында жезөкшелердің 3 бірдей ордасы анықталды. Полицейлердің жүргізген іс-шарасы аясында тән саудасына қатысты 45 адам құрықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, Тараз қаласының Төле би көшесіндегі сауықтыру кешенінде жезөкшелікпен айналысатын притон ұйымдастырған 46 жастағы әйел ұсталды. Бөлтірік-Шешен даңғылындағы тағы бір сауықтыру кешенінде осыған ұқсас қылмыс үшін Тараз қаласының 42 жастағы тұрғыны құрықталды. Профилактикалық есептегі «жеңгетайлық» санатына үш адам және жезөкшелікпен айналысқан төрт әйел алынды.

«Аталған деректер бойынша ҚР ҚК-нің 309-бабы 1-бөлігі (Жезөкшелікпен айналысуға арналған притонды ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.  Ұсталғандар кінәсін мойындады. Сондай-ақ, 45 адам ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Жамбыл облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің маманы Бегман Құтмырзаев.