Куәгерлер екі полицейдің өмірін қиған жантүршігерлік көлік апаты оқиғасы жайлы айтты

Куәгерлер екі полицейдің өмірін қиған жантүршігерлік көлік апаты оқиғасы жайлы айтты
«BMW» маркалы көліктің тізгінінде Алматы қаласының 1992 жылғы тұрғыны болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының блок-бекетінде қайтыс болған полицей Жарас Жанғазиев жиырма жылдан астам уақыт ішінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, қызметтік қатарға қосқан. Қаза болған екінші сержант Дастан Әбдіқанов та марқұм Жарастың тәлімгері болатын. Бүгін таңертең орын алған оқиға көпшіліктің көңілін босатты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Фарида Сафарова есімді куәгер Алматы облысы Көксай елдімекенінің тұрғыны. Таңертең әдетінше серуенге шығатын ол  жантүршігерлік оқиғаның қас-қағым сәтте болғанын айтады.

«Мен осы көшенің қиылысында тұрамын. Басында не болғанын түсінбедім. Жүгіріп келгенде, көрпе әкеліп беруімді сұрады. Бірінші полицейді көліктен шығарып, көрпеге жатқызды. Тағы бір әйел тамыр соғысының анықталмай тұрғанын айтты. Ал, екінші қызметкер сәлде болса дем алып жатты», – деді куәгер Фарида САФАРОВА.

Көлік жүргізушісі Алматы қаласы Іргелі елдімекенінен облысқа қарай бет алған көрінеді. Қатты жылдамдықпен келе жатқан ол мына темір қоршауды қағып өтіп, бетонды екіге бөледі. Сол инерциямен бұрыштағы шатырға тиіп, қасындағы патрульдік көлікке соқтығысады.

Оқыс оқиға таңғы сағат бес жарым шамасында орын алған. «BMW» маркалы көліктің тізгінінде Алматы қаласының 1992 жылғы тұрғыны болыпты. Оның маскүйінде көлік жүргізгені расталып, бірден қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

«Кем дегенде он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оның маскүйінде тізгінге отырғаны жазасын ауырлатады. Сондықтан сот өз шешімін шығарған кезінде бұл жәйтті ескере отырып, жаза мөлшерін едәуір көптеу береді», – деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі  Салтанат ӘЗІРБЕК.

Мас жүргізуші қатты жылдамдықпен зуылдаған күйінде патруль көлігінің оң жағынан соқтығысқан. Сол сәтте қаза тапқан қызметкерлер патруль көлігінің ішінде отырған. Ал, үшінші полицей  аға лейтенант Ербұлан Сейдәзім көліктің сыртында тексеру жұмысын атқарып тұрған. Ауыр дене жарақаттарының салдарынан ол жан сақтау бөлімінде жатыр. Айта кету керек, бұл блок-бекеттердегі бірінші оқыс оқиға емес.

«Қызмет барысында ондай жағдай болады деп ешкім ойламады. Кешкі 19:30-да түнгі ауысымға шығатындарға бізде таратылым болады. Таратылымда бәріміз де сапта тұрдық. Тапсырма, бұйрығын алды. Сәт-сапар тілеп, жұмысқа шығарып салдық.  Олардың қайтып оралмайтынын білмедік», – деді қалалық ПД рота командирінің орынбасары Қуаныш КӘРІБАЕВ.

Өз ісіне адал, сенімді серік еді олар. Әріптестері дәл осылай еске алуда. Соңғы сұхбатында кезекті еңбек демалысын алсам, жақында келіншегім босанады деп, айтқан көрінеді Жарас Жанғазиев. Ал, екінші қызметкер Дастан Әбдіқанов өз кезегінде мықты спортшы, футболист болған. Полиция департаментінің өкілдері марқұмдардың туыстарына тиісті көмек берілетінін айтты.  

Елдана Қадырова, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров