Бүгін Алматыда жер опырылып, жүк көлігі түсіп кетті. Салдарынан бір адам зардап шеккен. №4 қалалық клиникалық емхананың травматолог дәрігері Жайлау Хасанұлы 1977 жылғы науқастың жеткізілгенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оған клиникалық-лабороторялық тексеріс жүргізіліп, омыртқасы зақымданғаны анықталды. Әзірге науқастың жағдайы қалыпты, алдағы уақытта дәрігер бақылауында болады. Оқыс оқиға бүгін түскі сағат 13.00 шамасында Қажымұқан көшесі бойындағы мейрамxана аумағында болған. Ал көлігі бүлінген жүргізушіге өтемақыны кімнің төлейтіні әзірге белгісіз.
«Мен осы жерге құм әкелуім керек еді. Алдын-ала келісім бойынша түсте келдім, мені күтіп алды. Мейрамхана аумағына кіріп, бұрыла бергенім сол еді, жер опырылып, астына түсіп кеттім. Менің еш кінәм жоқ. Қалай болғанын өзім де ұқпай қалдым. Бірақ өзімді жақсы сезінемін. Кім кінәлі, өтемақыны кімнен талап ету керек, әзірге белгісіз болып тұр», – деді жүк көлігінің иесі Сергей Колегов.
«Мен осы аумақта тұрамын. Терезеден қарасам, жүк көлігі жер астына түсіп кетіпті. Дереу оқиға орнына келдім. 3 сағат бойы көлікті шығарып алумен айналысты. Жер астында жылу желілері болса керек, түскі бірден бері бізде жылу жүйесі мен жылы су жоқ», – деді Медеу ауданының тұрғыны Серік Максимов.
Ал Алматы жылу желісі мамандарының айтуынша, бұл аумақ ондай ауыр салмаққа арналмаған. Мейрамхана иелері құмға тапсырыс бергенде осыны ескеруі тиіс еді. Енді барлығы заң аясында шешілмек. Ал аумақ тұрғындарына түнгі сағат 11-ге дейін жылу жүйесі мен жылы су беріледі. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Бұл аумаққа оншалықты ауыр жүк көлігі өтпеуі керек еді. Көліктің және құмның салмағы 27 тонна болған. Сондықтан жер опырылып түсті. Әрине, ондағы жылу желілері зақымданды. Қазір тексеріс жұмыстары жүргізіліп жтары. Кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілік алуы тиіс», – деді қалалық жылу-электр кешені және ТКШ кәсіпорындарының ресми өкілі Ян Гирин.