Түркістан облысында Біркөлік шатқалына демалуға келген 25 жастағы жігіт қайтыс болды. Демалушы топта 11 адам болған, деп хабарлайды «Отырар».
Төле би ауданы Алатау ауылдық округі Біркөлік аумағында 15 маусымда сағат 22:00 шамасында 1994 жылғы жігіт пен 1997 жылғы қыз бала жоғалып кеткен. Бұл туралы 16 маусымда сағат 00:10-да «112» құтқару қызметінің пультіне хабарлама түскен.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар тәулік бойы іздеу шараларын жүргізіп, тек кешкі 19:00 шамасында жоғалып кеткен жігіттің өлі денесін тапқан. 25 жастағы азамат Біркөлік шатқалының тау аймағында 120 метр биіктіктен құлап, ағаш бұтақтарында ілініп қалған. Жоғалған 1997 жылғы қыз шатқалдан өздігінен түскен. Қазіргі таңда бойжеткен ауруханада жатыр.
«Іздестіру жұмыстарына Шымкент қаласы ТЖ департаментінің жедел-құтқару жасағының 9 құтқарушысы, Түркістан облысы Төле би ауданы ТЖ бөлімінің 14 қызметкері, жергілікті атқарушы органдары мен аудандық полиция бөлімінің 5 қызметкері, ҚР ҰҚК ШҚ №2041 ӘБ 4 әскери қызметкер, 1 ит жұмылдырылған», - дейді құтқарушылар.