Жамбылдағы әскери қоймадан шыққан өрттің неден тұтанғаны белгілі болды ма

01.09.2021 04:11

Келтірілген шығын көлемі де есептеліп жатыр

Бүгін еліміздің жаңа Қорғаныс министрі белгілі болды. Мемлекет басшысының Жарлығымен қарулы күштерге жетекшілік ету Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа тапсырылды. Бұған дейін ол аталмыш ведомство басшысының бірінші орынбасары, Республикалық Қарулы Күштері бас штабының бастығы болған еді. Қызмет жолын осыдан 32 жыл бұрын бастаған офицер әр жылдары басшылық қызметтер атқарған. Ал, жарылыс болған аудандағы қазіргі ахуал қандай? Ауруханада ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайы қалай? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын баяндайды.

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери базада болған жарылыстан кейін Нұрлан Ермекбаевтың өзі қызметтен босатуын сұраған еді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев генералдың рапортын қарастырып, өтінішін қабылдады. Экс-министр бұл қызметке 2018 жылы келген еді. Сондай-ақ, бұған дейін әскери қоймадағы өртті сөндіремін деп 4 адамның іс-түссіз жоғалғанын хабарлаған болатынбыз. Бүгін оның үшеуі табылып, жеке-бас деректері анықталды. Бәрі де Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері. Араларындағы ең кішісі Әліби Бексұлтанұлы. Жасы небәрі 22-де еді.

«Оқиға болған жерде қазір саперлар жұмыс істеп жатыр. Енді бір адамды іздестіру шаралары жүргізілуде. Қазір ол жерде мыңнан астам тәртіп сақшылары мен іскери қызметкерлер жұмыс істеп жатыр. 100-ге жуық техника бар», – деді Облыстық ПД аға инспекторы, полиция майоры Леонид Аниськов.

Жарылыс салдарынан жарақат алған 28 адам қазір Тараз қаласының №1 ауруханасында ем қабылдап жатыр. Бүгінге дейін 4 науқас жансақтау бөлімінде болған. Қазір олардың үшеуі жағдайының жақсаруына байланысты трамватологиялық бөлімге ауыстырылған. Ал, біреуінің жағдайы әлі де ауыр дейді дәрігерлер.

«Ертең 9 адамды ауруханадан шығарылу жоспарланып отыр. Науқастарға қажетті ем-дом шаралары жасалып жатыр», – деді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Толқын Өмірбаева.

Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде қаза болған Мейіржан Айманов қоймада өрт шыққан кезде оқиға орнына бірінші болып келген құтқарушылардың бірі. Ол Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары еді. Өңірде батырдың құрметіне ескерткіш қойылады. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев хабарлады. Бұған дейін Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Мемлекеттік награда марқұмның ұлына табысталды.

«Сіздерге қайғырып көңіл айтамыз. Енді ол кісілер қорғаныс саласында жұмыс істегеннен кейін ең бірінші мақсат – елін қорғау. Міне, осындай ерлікпен қаза тауып отыр. Оны халық ұмытпайды деп есептейміз. Мемлекет басышысы кешеден бері ерлік көрсеткен барлық адамды марапатап жатыр», – деді Жамбыл облысының әкімі

Бердібек Сапарбаев.

Бұл – Жамбылдағы әскери бөлімшеге жақын орналасқан дәмхана. Бейнебақылау камерасына жазылған видеодан жойқын жарылыс екпінінің дәмхана қонақтарын бірнеше метрге ұшырып жібергенін анық байқауға болады.

Жамбыл облысындағы әскери қоймадан шыққан өрттің неден тұтанғаны әлі зерттеліп жатыр. Келтірілген шығын көлемі де есептеліп жатыр. Жауапты сала мамандарының сөзінше, қазір  облыста жағдай біршама тұрақталған. Бірақ жарылыс болған Қайнар ауылына кірер жолда блок-бекет әлі де алынған жоқ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жарылыс салдарынан қираған үйлер мен бизнес нысандарын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталғанын жеткізді.

Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» арнасы