Алматыда Аманжол көшесіндегі шұңқыр үшін мердігер әкімшілік жауапқа тартылды

26.09.2025 10:08

Аманжол және өзге де көшелерде инертті материал төселмегендіктен, топырақтың тығыздалу деңгейі талапқа сай болмай шықты

Depositphotos

Алматының Қала құрылысы бақылау басқармасы Саин, Шаляпин, Яссауи және Жандосов көшелерінің аумағында инженерлік желілерді жүргізіп жатқан мердігер ұйымға қатысты жоспардан тыс тексерістің нәтижесін хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тексеріс барысында «СпецСтрой Групп ЛТД» ЖШС бірқатар құрылыс нормасын бұзғаны анықталды. Атап айтқанда, траншеялардың қия беткейлері бекітілмеген, жергілікті дымқыл топырақ қабаттап нығыздалмастан қайта көміліп, кейбір учаскелерде траншеяға жер асты сулары толып қалған.

Аманжол және өзге де көшелерде инертті материал төселмегендіктен, топырақтың тығыздалу деңгейі талапқа сай болмай шықты. Соның салдарынан жауын-шашын кезінде жол жабындысы отырып, терең шұңқырлар пайда болды. 

Қала құрылысы бақылау басқармасы мердігер ұйымға анықталған кемшіліктерді 2025 жылы 8 қазанға дейін жою жөнінде нұсқама берді. Егер белгіленген мерзімде талаптар орындалмаса, іс сотқа жолданып, заң аясында процессуалдық шешім қабылданады.

Оқи отырыңыз: Алматылық дәрігерлер бұғана сүйегін қалпына келтіру отасын сәтті аяқтады