Бүгін елімізде жалпыхалықтық референдум өтіп жатыр
Бүгін шетелдерде де учаскелік комиссиялар Қазақстандық азаматтардан дауыс қабылдап жатыр. Дәлірек айтсақ, 52 мемлекетте 65 комиссия құрылған. Аталған комиссиялардың барлық 325 мүшесі қашықтан оқып, республикалық референдумның құқықтық негіздері мен комиссия жұмысын ұйымдастыру бағдарламасы бойынша арнаулы тестілеуден өткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, белсенді дауыс беру құқығы бар 11 мың 350-ден астам Қазақстан азаматы шетелде жүр. Олардың басым бөлігі Ресей, Өзбекстан, Чехия, Германия елінде.
«Ең көп дауыс беретін мемлекеттердің бірі – Ресей Федерациясы. Ол елде біздің дауыс беретін 5 учаске бар. Ең көбі – Мәскеу қаласында. Онда 2 мыңға жуық азаматымыз дауыс береді деп болжам жасап отырық. Одан бөлек Санкт-Петербургте, Омскіде, Астраханьда және Қазан қаласында учаскелеріміз бар», – деді ҚР СІМ Адам ресурстары департаментінің директоры Медет Мақұлжанов.