Алматыда таңғы сағат 7.00-де 574 сайлау учаскелері ашылды
Сайлау учаскесіне таңғы сағат 7.00-де алғашқылардың бірі болып Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев әйелімен бірге келді. Олар Мәншүк Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейде орналасқан №358 сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бүгін біздің мемлекетіміз үшін және оның азаматы ретінде мен үшін өте маңызды күн Бүгін еліміз өзінің болашағын айқындайды. Мен сайлау учаскесіне еліміздің болашағы, мемлекеттің бейбітшілігі мен гүлденуі, Алматы мен қала тұрғындарының бірлік-берекесі үшін дауыс беруге келдім», – деді Ерболат Досаев.
«Тура жетіде қаланың әкімі Ерболат Досаев келді. Ол кісі бізбен бірге әнұранды орындап, өзінің дауысын беріп кетті. Сайлаушылардың біразы келіп дауыстарын беріп жатыр. Осылай күні бойы болады деп ойлаймын», – деді № 358 учаскесінің комиссия төрағасы Айсұлу Медетбекова.
Референдумның бұл учаскесіне шамамен 1000-нан астам адам келеді деп күтіліп отыр. Учаске толықтай техникалық жағынан қамтылып, дауыс беру үшін тиісті кабиналар орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де арнайы орын қарастырылыпты. Сондай-ақ процесті назарда ұстау үшін халықаралық, республикалық, түрлі қоғамдық бірлестіктен бірнеше бақылаушы келген.
«Мәселен сайлаушылардың дауыс беруіне біреу кедергі келтіріп жатса оны өз кураторыма айтып, ескертуім керек. Бюллетеньдер түзетілген болса онда ол жарамсыз саналады. Әзірге бәрі бірқалыпты, ешқандай бұзушылық анықталмады», – деді бақылаушы Марат Ниязов.
Алматыда таңғы сағат 7.00-де 574 сайлау учаскелері ашылды. 1,1 миллионнан астам қала тұрғындарының дауыс беру құқығы бар.
Еске салсақ, референдумға «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылды.