ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау төрінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Қазақстан Республикасының ресми атауын өзгерту туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Екінші республика» ұғымы қоланысқа енгелі елдің ресми атауын өзгерту туралы ұсыныстар жиі айтылып кеткенін атап өтті.
«Стан» сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайды. Мұны да қисынды деп айтуға болмайды. Себебі әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттері бар», - деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміз осыған дейін «Қазақстан Республикасы» атауымен өз тарихындағы маңызды келісімдерге қол қойғанын еске салды.
«Ең басты мәселе – біз тәуелсіз еліміз Қазақстан Раеспубликасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық. Мемлекеттік шекарамызды бекіттік. Осындай жағдайда мемлекетіміздің атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Бұл, ең алдымен ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Тоқаев Ұлттық құрылтайдың жұмысын ұйымдастыру мәселесіне тоқталды.
«Енді Ұлттық құрылтайдың жұмысын ұйымдастыру мәселесіне тоқталсам. Оның құрамында 117 адам бар. Құрылтайға барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері қатысып отыр. Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Белсенді азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесін ескереміз. Жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын қолдаймыз», - деді ол.