15:00-дегі жағдай: 7 млн жуық қазақстандық референдумда таңдауын жасады

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгін елімізде жалпыхалықтық референдум өтіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Осы уақытқа дейін дауыс беруге құқылы қазақстандықтардың тең жартысы өз таңдауын жасады. Референдум комиссияларында жұмыс қыза түскен. Халықаралық байқаушылар да мәлімдеме жасап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Орталық референдум комиссиясында таңнан бері басталған қарбалас әлі басылған жоқ. Тілшілер жарыса тың ақпаратты бөлісіп жатыр. Негізі 500-ге жуық журналист тіркелген. Дәл қазір 25 ақпараттық агенттігі және 10 басылым, 14 телеарна тілшілері  жұмыс істеуде. Ал халықтың белсенділігі туралы айтатын болсақ, осы уақытқа дейін 6 262 973 дауыс берді. Аймақтар ішінде Қызылорда облысының тұрғындары көш бастап тұр.

«Заңға сәйкес, егер референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналады. Осылайша, аумақтық референдум комиссияларының деректеріне сәйкес, заңмен белгіленген келушіге қол жеткізіліп отыр»,– деді Орталық референдум комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова.

Халықаралық байқаушылар референдумның өту барысына көңіл толарлық деген баға беріп жатыр. Саяси науқанда айтарлықтай өрескел заңбұзушылықтар тіркелмеген. Айта кетейік, референдумның ашықтығын 11 халықаралық ұйымнан 270-тен астам байқаушы қадағалауда.

«10-ға жуық сайлау учаскесінде дауыс беру барысын бақыладым. Референдумды өткізу нормалары мен ережелерін бұзу фактілерін анықтаған жоқпыз. Дауыс беру жоғары ұйымдастырылғанын, халықтың белсенді қатысуын, аға және жас ұрпақтың патриоттық көңіл-күйін сезінгенімізді атап өткім келеді. Күннің бірінші жартысында негізінен егде жастағы адамдар дауыс берді. Ал сағат 10-нан кейін жастар белсенді келе бастады»,– деді Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы парламенттік ассамблеясының өкілі (Тәжікстан) Барот Баротзода.

Орталық референдум комиссиясында 2 сағат сайын нәтижелердің қортындысы жария етілуде. Естеріңізге салайық, дауыс беру 20:00-ге дейін жалғасады. 

Новости партнеров