Ата заңға енгізілген өзгерістердің маңыздылығын халыққа түсіндіріп, үгіт-насихат жүргізу мақсатында партия штабы республика бойынша 12 мыңнан астам іс-шара өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүкіл кездесулер еркін, ашық форматта өтті.
Кездесулер барысында азаматтардан 20 мыңнан астам ұсыныс жинақталған. Енді AMANAT партиясы осы ұсыныстарды саралап, ең өзектілерін жүзеге асыру жолдарын қарастырады.
"Референдум күні AMANAT партиясының 28 мыңға жуық өкілі еліміздің барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру барысы заңдылығының сақталуын қадағалады. Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құжаты – Конституциясы. Ал ондағы жазылған әрбір сөз маңызды рөл атқаратынын түсінуіміз керек. Қазірден бастап елдегі орын алып жатқан өзгерістерді дұрыс саралап, ой түйіп, немқұрайлылық танытпай, аянбай еңбек ету қажет. Өз басым AMANAT фракциясының мүшесі және мәслихат депутаты ретінде Алматы қаласында Конституциялық реформаларды жан-жақты түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысып, референдум күні келер ұрпақтың игілігі үшін дауыс бердім. Дауыс беру ашық әрі әділ өтті деп толық сеніммен айта аламын. Жаңа Қазақстанның бастамалары берекелі болсын!" - AMANAT партиясы Алматы қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшесі Болат Садықов.