Алматыда ардагерлерге үйде дауыс беруге мүмкіндік жасалды

06.06.2022 01:44

Олар маңызды шарадан тыс қалмай, референдумға қатысқанына қуанышты

Almaty.tv

Алматыдағы соғыс  және тыл ардагерлері таңдау жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алмалы ауданының тұрғыны Екатерина Баранова денсаулығындағы кінәрәтына байланысты дауыс беру учаскесіне бара алмағандықтан, алдын-ала үйден таңдау жасауға өтінім берген.

«Екатерина Александровна өте тың. 97 жасына қарамастан бізге сабырлық танытып, жақсы тілектер айтты. Сондықтан апамыз көп жасасын. Осындай жауапкершілігі мол азаматшаларымыз көп болсын», – деді №114 учаскелік референдум комиссиясының мүшесі Аида Мадиярова.

96 жастағы тыл ардагері Нина Гойколова да үйде отырып-ақ таңдау жасады. Оған Медеу ауданынан арнайы топ құрылып, дауыс беру жәшігін алдына апарып берді. Әжей осындай маңызды шарадан тыс қалмай, референдумға қатысқанына қуанышты.

«Бұл – еліміз үшін маңызды қадам. Біздің де таңдау жасуымызға мүмкіндік берген жандарға алғысым шексіз», – деді тыл ардагері Нина Гойколова.