AMANAT партиясының мәжілісмендері емхана ұжымымен кездесті

Жиында Конституциялық реформаға қатысты сұрақтар талқыланды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің Конституциясына енгізілетін түзетулер Алматының әлеуметтік-экономикалық жағдайын айтарлықтай жақсартады. Бұл туралы №16 қалалық емхана ұжымымен AMANAT партиясының мәжілісмендері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Емхана қызметкерлерінің Конституциялық реформаларға қатысты сұрақтарына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан толық түсініктеме беріп, алдағы оқиғаның еліміздің болашағы үшін маңыздылығын атап өтті.

«Әрине, бұл Конституциялық реформалар үшін тағдыршешті сәт. Түзетулер енгізу билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастардың оңтайлы тепе-теңдігін қалыптастыруға және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге көмектеседі», – деп атап өтті А. Құспан.

Ал мәжілісмен Айдос Сарымның айтуынша, мәслихаттардың рөлі күшейтіліп, олардың жергілікті мәселелерді шешудегі жауапкершілігі артады. Өз кезегінде, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова білім беру және денсаулық сақтау мекемелері өз ұйымдары ғимаратының материалдық-техникалық базасы мен жалпы жағдайын жақсартуға байланысты жинақталған мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Мәжілістің құзыреті кеңейіп, республикалық бюджеттің атқарылу сапасына парламенттік бақылау күшейіп келе жатқаны мені қуантады. Бұған дейін республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палатаға айналатыны, оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттарының алдында есеп беретіні айтылған болатын. Қазір біз сол есептерді тыңдап, барлық сұрақтарды қоя алатын боламыз», – деп атап өтті депутат Ж. Сүлейменова.

AMANAT партиясының Алматы қалалық филиалының штабы құрылды, оның міндеттеріне алдағы референдумды қолжетімді және жедел түсіндіру кіреді. Штаб мегаполистің барлық аудандарында 200-ге жуық кездесу өткізуді жоспарлап отыр.


Ақпараттық материал «Республикалық референдум жөніндегі» ҚР Заңының  7-бабы 2-тармағы бойынша AMANAT партиясы Алматы қалалық филиалының тапсырысымен жарияланды. Жауапты тұлға  М.Б.Отыншиев.


Новости партнеров