Алматыдағы референдум күнінің алғашқы жартысы: суперқаһармандар, ұлттық киім мен алып қуыршақтар

15.03.2026 12:15

Қаладағы учаскелерде мерекелік көңіл күй байқалады

Видеодан кадр

Бүгін республикалық референдум күні Алматы тұрғындарының белсенділігі жоғары деңгейде байқалып отыр. Кейбір референдум учаскелерінде таңнан бастап дауыс беруге келген қала тұрғындарының кезегі қалыптасты. Отбасылар, достар және әріптестер бірге келіп, таңдауын жасап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

С.А. Қожықов атындағы №39 лицейде орналасқан №93 учаске ашылған сәттен бастап алғашқы сайлаушыларды қабылдады. Ал №109 учаскеде дауыс беру үдерісі тыныш әрі ұйымдасқан түрде өтіп жатыр.

Қаладағы учаскелерде мерекелік көңіл күй де байқалады. Қалқаман және Қарағайлы шағынаудандарындағы учаскелерде ұйғыр диаспорасының өкілдері ұлттық киім киіп келіп дауыс беріп, айналасындағылардың назарын аударып, ерекше атмосфера қалыптастырды.

Ал №239 учаскеде дауыс беру барысында суперқаһармандар — Супермен, Темір адам, Капитан Америка және Джокер «қатысса», №175 учаскеде келушілерді бүркіт бейнесіндегі ұзын бойлы қуыршақ қарсы алды.

Жалпы, Алматы қаласында референдум өткізу үшін 653 учаске жұмыс істеп тұр. Дауыс беру күні бойы жалғасады. Өз учаскеңіздің мекенжайын білу және сайлаушылар тізіміне енгізілгеніңізді тексеру үшін 1308 Call-орталығына хабарласуға, қала әкімдігінің ресми сайтына, Open Almaty сервисіне немесе Telegram ботқа жүгінуге болады.

Оқи отырыңыз: Алматының Наурызбай ауданындағы референдум учаскесіне батырлар келді