Экономист: Жаңа Конституция жобасы – халық сұранысына жауап

12.02.2026 16:25

Айбар Олжай жаңа жобаны мәтіні жатық, ойы анық, оқуға жеңіл деп бағалады

facebook.com/aybarolzhayev
Бүгін Қазақстанның жаңа Конституция жобасы жарияланды. Құжат 96 баптан тұрады. Экономист Айбар Олжай жаңа жобаны мәтіні жатық, ойы анық, оқуға жеңіл деп бағалады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Экономист Конституциялық реформа ұлттық даму моделіне, басқару жүйесінің эволюциясына және қоғамның жаңа сұраныстарына жауап ретінде әзірленіп отырғанын айтты.

Бұл жолы Конституция жобасын дайындау үдерісі бұрынғы тәжірибеден өзгеше форматта ұйымдастырылды. Негізгі ұстаным ашықтық пен кең қоғамдық қатысу болды, – дейді ол.

Комиссия жұмысына өңір өкілдері, сарапшылар, азаматтық қоғам институттары тартылды. Цифрлық платформалар арқылы мыңдаған ұсыныс қабылданып, жүйелі түрде сарапталып, талқыланды. Сарапшы жаңа жобаны жасаудағы пайдаланылған тәсілдер мен мүмкіндіктерді жоғары бағалады.

Мұндай тәсіл шешім қабылдау үдерісіне қоғамның тікелей қатысуын кеңейтіп, мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыруға бағытталған.

Ұсынылған жоба – халықаралық тәжірибені ескере отырып, ұлттық ерекшеліктер мен тарихи жолды негізге ала отырып жасалған дербес әрі егемен шешім. Құжат қоғамның құндылықтық негізін сақтай отырып, тарихи сабақтастықты жалғастыра келе қазіргі заманның жаңа сын-қатерлеріне жауап береді, – деді Олжай.

Егер жоба 15 наурыз күні болатын референдумда қолдау тапса, жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Дәл сол күні біз жаңа Конституцияны қабылдау туралы тарихи таңдау жасаймыз. Мұндай сәтте әр азаматтың белсенділігі, бейжай қарамауы аса маңызды. Өйткені Ата Заң – бүкіл халықтың тағдырын айқындайтын ортақ құжат,- деп түйіндейді сарапшы.

Оқи отырыңыз: Білім, ғылым, мәдениет пен инновациялар – жаңа Конституция жобасының негізгі өзегі