Құжаттың 33-бабында білім беру саласына қатысты нақты кепілдіктер белгіленген
Бүгін жарияланған жаңа Конституция жобасында ел дамуының басты бағыты ретінде мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алу айқын көрініс тапқан. Құжатта адами капиталды дамыту, сапалы білім мен зияткерлік әлеуетті арттыру мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде нақтыланады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жобаның 33-бабында білім беру саласына қатысты нақты кепілдіктер белгіленген. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында ақысыз орта білім алуына кепілдік берілетіні, бастауыш және негізгі орта білімнің міндетті екені көрсетілген. Сондай-ақ азаматтардың заңға сәйкес жоғары оқу орындарында жоғары білім алуға құқығы бар екені бекітілген.
Сондай-ақ жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заң аясында жүзеге асырылатыны, ал мемлекет жалпыға міндетті білім беру стандарттарын белгілейтіні жазылған. Барлық оқу орындарының қызметі осы стандарттарға сай болуы тиіс. Сонымен қатар, рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, ел аумағындағы білім беру жүйесінің зайырлы сипаты сақталатыны атап өтіледі.
Осылайша, жаңа Конституция жобасы білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі тірек ретінде айқындап отыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Егер жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесінде жаңа Конституция қабылданса, ол 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал қабылданған күн мемлекеттік мереке – Конституция күні болып жариялануы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Референдумда мақұлданған жағдайда, Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке болады