Сарапшылардың пікірінше, азаматтардың қоғамда саяси белсенділігі артқан
«Ел 15 наурызда өтетін республикалық референдумға дайын». Сарапшылардың пікірінше, азаматтардың қоғамда саяси белсенділігі артып, маңызды шешім қабылдауға деген жауапкершілігі күшейген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Осы уақытқа дейін елімізде маңызы зор 4 республикалық референдум өтті. Дегенмен мамандар «бұл жолғы бүкілхалықтық дауыс берудің тарихи және саяси маңызы ерекше» дейді. Сарапшылар пайымынша, халқымыз өз таңдауына саналы түрде қарап, оның ел болашағына әсерін терең түсінеді. Сондықтан алдағы референдум тек саяси науқан емес, халықтың азаматтық жауапкершілігін айқындайтын маңызды кезең болмақ.
«Қазақстанда референдумды саяси құрал ретінде қарастыруымыз керек. Ол –мемлекет үшін де, қарапайым халық үшін де саяси құралдың бірі. Неліктен, себебі мемлекет үшін ол мемлекетке қажет үлкен бастамалардың легитимациясы үшін қажет, ал халық үшін осы бастамаларды жүзеге асыру процесіне қатысудың бір құралы ретінде қарастыруға болады», – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Айым Тілепберген.
Сарапшылар «референдум – халыққа мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік беретін маңызды демократиялық тетік» деп отыр. Ол ел тағдырына әсер ететін кез келген тарихи өзгеріс қабылданар алдында азаматтардың ұстанымы мен ортақ пікірін айқындауға, қоғамның көзқарасын ашық білдіруге жағдай жасайды. Мамандар осындай батыл қадамдар мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтып, маңызды бастамалардың заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ететінін атап өтті.
«Халықтың билікке сенімінің артуына кепілдік береді және де мүмкіндік туғызады. Ал халыққа референдумда өзінің позициясын айта алады. Халықтың алдын ала қатысуы, хабардар болуы, ақпараттың толық жеткізілуі, оларға қатыса алу мүмкіндігін туғызу – референдумның басты критерийлері», – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Ақнұр Иманқұл.
«Әрбір азаматтың референдумға қатысуы – ел болашағы үшін маңызды». Сенаторлар осылай дейді. Олар халық мемлекеттік басқару жүйесіне белсенді түрде араласуы тиіс деп санайды.
«Елімізде және жаһанда экономика мен технология күн сайын өзгеріп, халықаралық жағдайлар түрленіп тұрған тұста, басқару жүйесіндегі жаңалықтарды ескеріп, Конституцияны жаңарту маңызды қадам». Сенатор Қайрат Тастекеев осылай дейді. Оның сөзінше, Президенттің Конституциялық реформасы – мемлекетті дамытуға бағытталған іргелі бастама.
«1995 жылы қабылданған Конституция бірнеше жыл жұмыс істеді. Оны жаман деп айтуға болмайды. Өйткені, осы уақытқа дейін сол Конституцияның негізінде жетістікке жетттік. Заманауи, нақты елдің дамуына байланысты,дүниежүзіндегі болып жатқан құбылыстарға, ішкі дамуымызға байланысты нақты бір өзгерістер керек болды. Конституцияға әдейі реформа жасалды», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев.
Конституциялық реформаға қатысты республикалық референдум 15 наурызда өтеді. Құжат жобасы БАҚ беттерінде жарияланып, халыққа ұсынылды. Онда қолданыстағы Ата заңның 84 пайызына өзгеріс енгізілген. Жоба кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.
«Қоғам өзгеретін болады. Жаңа Конституцияға сәйкестендіріп, барлық заңдарымызды өзгертетін боламыз. Соған байланысты елдің өмірі де өзгереді. Бұл жерде ең басты ұғым – әділетті Қазақстанды құру. Алғашқы қадамымызды сол бағытта бастауымыз керек», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев.
Сенаттағы халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев «Конституцияға өзгеріс енгізу – халықаралық тәжірибе» дейді. Сөзінше, басты құжатын жиі өзгеретін мемлекеттер Конституциясын әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге қарай икемдеп, жаңартып отырады. Мұндай елдердің мемлекеттік институттары мен басқару жүйелері әлі де даму үстінде дейді.
«Мемлекетімізді алатын болсақ, Тәуелсіздік алған жылдардан бері көп уақыт өткен жоқ қой. Соған байланысты, біз – жаңадан даму үстіндегі мемлекетпіз. Орта державалар қатарына қосылдық. Конституцияның нақты жобасы бүгін халыққа ұсынылды. Ең басты мақсатымыз халыққа жобаны түсіндіруіміз керек, референдумға келу керек», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев.
Осы орайда біз елорда тұрғындарынан «референдумға барасыз ба, жаңа құжатты оқыдыңыз ба» деп пікір сұраған едік.
«Барамын бұйыртса, 15 наурыз күні болатын емес пе, ие? Осы жолы дауыс беремін», – деді қала тұрғыны Ескендір Қонысбаев.
«Өзгеріс керек қой. Халықпен санасу керек. Осы күннен артық өмір сүруге болады. Референдумды қолдаймыз, бару керек», – деді қала тұрғыны Барзухан Бейсенов.
Егер Жаңа Конституция қабылданса, құжат 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Қолданыстағы Ата Заң тоқтатылады. Сол күннен бастап бір ай ішінде Президент Құрылтай сайлауын жариялайды. Екі айдың ішінде Парламент сайлауы өткізіледі. Одан кейін ғана Мемлекет басшысы Құрылтайдың келісімімен Вице-Президентті тағайындайды.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Референдумды – мемлекет үшін де, қарапайым халық үшін де саяси құралдың бірі - сарапшы