«Ел 15 наурызда өтетін республикалық референдумға дайын». Сарапшылардың пікірінше, азаматтардың қоғамда саяси белсенділігі артып, маңызды шешім қабылдауға деген жауапкершілігі күшейген, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Осы уақытқа дейін елімізде маңызы зор 4 республикалық референдум өтті. Дегенмен мамандар «бұл жолғы бүкілхалықтық дауыс берудің тарихи және саяси маңызы ерекше» дейді. Сарапшылар пайымынша, халқымыз өз таңдауына саналы түрде қарап, оның ел болашағына әсерін терең түсінеді. Сондықтан алдағы референдум тек саяси науқан емес, халықтың азаматтық жауапкершілігін айқындайтын маңызды кезең болмақ.
«Қазақстанда референдумды саяси құрал ретінде қарастыруымыз керек. Ол –мемлекет үшін де, қарапайым халық үшін де саяси құралдың бірі. Неліктен, себебі мемлекет үшін ол мемлекетке қажет үлкен бастамалардың легитимациясы үшін қажет, ал халық үшін осы бастамаларды жүзеге асыру процесіне қатысудың бір құралы ретінде қарастыруға болады», – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Айым Тілепберген.
Сарапшылар «референдум – халыққа мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік беретін маңызды демократиялық тетік» деп отыр. Ол ел тағдырына әсер ететін кез келген тарихи өзгеріс қабылданар алдында азаматтардың ұстанымы мен ортақ пікірін айқындауға, қоғамның көзқарасын ашық білдіруге жағдай жасайды. Мамандар осындай батыл қадамдар мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтып, маңызды бастамалардың заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ететінін атап өтті.
«Халықтың билікке сенімінің артуына кепілдік береді және де мүмкіндік туғызады. Ал халыққа референдумда өзінің позициясын айта алады. Халықтың алдын ала қатысуы, хабардар болуы, ақпараттың толық жеткізілуі, оларға қатыса алу мүмкіндігін туғызу – референдумның басты критерийлері», – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Ақнұр Иманқұл.
Оқи отырыңыз: Сыбайлас жемқорлар депутаттық пен өзге де сайланбалы лауазымдарға үміткер бола алмайды