Референдумға дейін:
2
күн
13
сағат
26
минут

Қазақстан энергетиктері жаңа Конституция жобасын талқылады

Минэнерго РК
Минэнерго РК

Бүгінде еліміздің энергетика саласында 100 мыңнан астам адам еңбек етеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанның энергетик қауымдастығы елдің жаңа негізгі Заңын қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада Қазақстан электроэнергетикалық қауымдастығының ұйымдастыруымен жаңа Конституция жобасына арналған кездесу өтті. Іс-шараға энергетикалық компаниялардың қызметкерлері, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері және ҚР Парламентінің депутаты қатысты.

Бейнебайланыс арқылы жиынға еліміздің барлық өңірінен энергетика кәсіпорындарының өндірістік ұжымдары қосылды. Бүгінде еліміздің энергетика саласында 100 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Әріптестеріне Қазақстан электроэнергетикалық қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы Бағдат Орал үндеу жасады.

«Негізгі заңның жаңа жобасы – мемлекет дамуының болашақ бағытын айқындайтын тарихи құжат. Біз энергетика саласының өкілдері ретінде де, еліміздің азаматтары ретінде де бұл бағытты қолдаймыз және елдегі өзгерістердің маңыздылығын терең түсінеміз», – деді ол.

Жиынға қатысушылар жаңа Конституцияның ел экономикасын дамытуға үлес қосып жүрген азаматтар үшін маңыздылығын атап өтті.

«Еңбек адамы, жұмысшы мамандықтарының өкілдері іс жүзінде мемлекеттің іргелі құндылықтары деңгейіне көтеріліп отыр. Бұл – еңбекқорлықты мемлекеттік даму қағидаттарының бірі ретінде бекіту туралы тұжырымдаманың айқын көрінісі. Яғни еңбек, кәсібилік және шығармашылық қызмет конституциялық деңгейде танылып, ерекше құрметке ие болады», – деп атап өтті Қазақстан электроэнергетикалық қауымдастығының басқарма төрағасы Талғат Темірханов.

Жоба туралы өз пікірлерін энергетика саласындағы түрлі компания қызметкерлері де білдірді. Олар мемлекеттің дамуына ықпал ететін жекелеген нормалардың, атап айтқанда, адам капиталының стратегиялық маңызы, кепілдіктер мен жауапкершілік туралы айтты. Сондай-ақ спикерлер қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше тоқталды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов экология мәселесінің маңыздылығын атап өтті.

«Жаңа Конституция жобасында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттің іргелі қағидаттарының бірі ретінде бекітілді. Қоршаған ортаны қорғау адам құқықтарын қорғаумен тең деңгейге көтерілді. Құжатта жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, өзге де табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені тікелей жазылған. Бұл жай ғана сөз емес – бұл бәрімізге жүктелген жауапкершілік пен ортақ бағдар», – деді Дүйсенбай Тұрғанов.

Қазақстан энергетиктері Конституцияның жаңартылған нормалары заман талабына сай екенін, олардың ұлттық мақсаттарға қол жеткізуге, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшісі UFC 326 турнирінде жеңімпаз атанды

Новости партнеров