Инватакси - тегін: Алматыда мүмкіндігі шектеулі азаматтар референдумға белсенді қатысып жатыр

15.03.2026 15:58

Инватакси қызметін әртүрлі санаттағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар пайдалана алады

Саяси науқанға мүмкіндігі шектеулі алматылық азаматтар да белсенді қатысып жатыр. Қалада ерекше қажеттілігі бар жандарға “Инватакси” қызметі тегін жұмыс істеп тұр. Яғни, арнайы көлік мүгедек жандарды үйінен дауыс беру учаскелеріне жеткізеді. Осылайша тұрғындар еш кедергісіз өз таңдауын жасай алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Инватакси қызметін әртүрлі санаттағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар пайдалана алады. Солардың бірі – Бәтима Сағынғалиқызы. Көру қабілеті нашар. Бүгін ол арнайы көліктің көмегімен дауыс беру учаскесіне келді. Сөзінше, мұндай қызмет қала ішінде еркін қозғалып, маңызды қоғамдық шараларға қатысуға мүмкіндік береді.

«Мен өзім осы қазақ елінің, қазақ жерінің патриот қызы боламын. Осындай саяси шарадан ешқашан қалмаймын. Дауысымды әрқашан да беремін. Бізге Инватаксидің көп көмегі бар. Біз үшін ол өте маңызды», - деді Бәтима Сағынғалиқызы.

Бүгін Алматыда жалпы 170 инватакси көлігі жұмыс істеп тұр. Оның 134-і жеңіл автокөлік болса, 36-сы арнайы жабдықталған. Яғни, онда арбаға арналған пандус, көтергіш құрылғы және қауіпсіздік бекіткіштері бар. Сонымен қоса, қосымша тағы 20 кезекші Инватакси дайын тұр.

«Біздің міндетіміз - уақытымен барып, мүгедек кісілерді қауіпсіз жеткізіп, көмегімізді көрсету. Міне, бүгін оларды дауыс беру учаскесіне алып келдік. Бұл бірінші маршрут, кейін тағы барамыз», - деді жүргізуші Берік Оңғаров.

Айта кетейік, Инватакси қызметін пайдаланғысы келетін азаматтар көлікті арнайы телефон нөмірлері арқылы шақыра алады.

Еске сала кетейік, бүгін қалада барлығы 653 референдум учаскесі өз жұмысын бастады. 1 миллион 311 мыңнан астам тұрғын өз таңдауын жасауға құқылы.

Диана Тұрлыбек, Манат Ешбай, “Алматы” телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ақылбек Күрішбаев референдумда дауыс беріп, азаматтық парызын орындады