Шаһардағы көшпелі дауыс беру үдерісі белгіленген тәртіпке сай ұйымдастырылды
Қазақ өнерінің шоқтығы биік тұлғасы, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бибігүл Төлегенова жалпыхалықтық референдумда азаматтық таңдауын өз шаңырағында жасап, елдік іске үн қосты. Сондай-ақ, Қазақстанның Халық жазушысы Жүрсін Ерман мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кәдірбек Сегізбаев та өз үйінде дауыс беріп, референдумның ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда денсаулығына байланысты референдум учаскесіне келе алмайтын азаматтар үшін үйде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Осындай мүмкіндік арқылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәдірбек Сегізбаев шаңырағында дауыс беріп, референдумға қатысудың қоғам үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Сондай-ақ айтыс өнерінің жанашыры, «Қазақстанның Халық жазушысы» Жүрсін Ерман да үйінде таңдау жасады.
«Тәуелсіздік жарияланғаннан бері бесінші референдум өтіп жатыр. Бұл – Президент Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған іс. Конституцияның жаңа жобасын қабылдау – уақыт талабына сай қажеттілік. Теледидардан халықтың референдумға барып, дауыс бергенін көріп отырмыз», – деді Қазақстанның Халық жазушысы Жүрсін Ерман.
Сонымен қатар, 96 жастағы әнші Бибігүл Төлегенова жалпыхалықтық референдумда шаңырағында дауыс беріп, азаматтық таңдауын жасады. №559 сайлау учаскесінің өкілдері Бибігүл Ахметқызының үйіне арнайы барып, ақ батасын алды.
«Еліміз аман болсын! Тыныштық болып, іштегі, алыстағы жаудан сақтасын! Мәңгілік елімізде бақытты өмір сүрейік!», – деді Қазақстанның Еңбек ері Бибігүл Төлегенова
Айта кетейік, шаһардағы көшпелі дауыс беру үдерісі белгіленген тәртіпке сай, құпиялылық қағидаттары мен қолданыстағы заңнама талаптары толық сақтала отырып ұйымдастырылды.
Мәди Мәлік. Данабек Баймырза
Оқи отырыңыз: Бірінші рет дауыс бердім: Әуезов ауданында алғаш таңдау жасайтын 27 жасөспірім тіркелген