Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасында қос немесе көп азаматтыққа тыйым салынды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес беріледі және тоқтатылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін жарияланған жаңа Конституция жобасында азаматтық мәселесіне қатысты нақты әрі қатаң нормалар бекітілді. Құжатта Қазақстан азаматтығының бiрыңғай әрі тең екені және қос немесе көп азаматтыққа жол берілмейтіні айқын көрсетілген, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жобаның 2-бөліміндегі 13-бапқа сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес беріледі және тоқтатылады, ол берілген негізіне қарамастан бірыңғай және тең болады.

Сондай-ақ азаматтығынан айыруға, азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға немесе елден аластатуға болмайтыны жазылған. Азаматтықтан айыру тек террористік қылмыс жасағаны немесе ұлттық мүдделерге ауыр зиян келтіргені үшін сот шешімімен ғана мүмкін.

«Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады. Шет мемлекетте туғанына байланысты сол мемлекеттің азаматтығын алған кәмелетке толмаған балаға қатысты заңда көзделген ережелер қолданылады», - деп 13-баптың 3-тармағында нақты белгіленген.

Осылайша, жаңа Конституция жобасы азаматтық институттың біртұтастығын сақтап, елдің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігін қорғауға бағытталған құқықтық тетіктерді күшейтіп отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Егер жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесінде жаңа Конституция қабылданса, ол 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал қабылданған күн мемлекеттік мереке – Конституция күні болып жариялануы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Жаңа Конституция жобасында теңге ұлттық валюта ретінде бекітілді

Новости партнеров