Құрылтай сайлауы саяси партиялардың қарқынды дамуына ықпал етеді - Мәулен Әшімбаев

19.02.2026 21:25

Спикер елімізде партиялық жүйе әлі де жеткілікті деңгейде дамымағанын, қоғамдағы ықпалының төмен екенін жеткізді

«Құрылтай сайлауы Қазақстандағы саяси партиялардың қарқынды дамуына ықпал етеді». Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай дейді. Оның сөзінше, бұл – азаматтардың мүдделерін кеңінен көрсету, саяси жүйенің дамуын жеделдету және демократиялық процестерді күшейту тұрғысынан аса маңызды қадам, деп хабарлайды Аlmaty.tv 

Спикер елімізде партиялық жүйе әлі де жеткілікті деңгейде дамымағанын, қоғамдағы ықпалының төмен екенін жеткізді.

«Саяси партияларды дамыту деген Үкіметті мақтайтын партияларды қолдау деген сөз емес қой. Ертең партиялық жүйе қалыптасады. Халық сол партиялардың басшыларына және солардың платформаларына, бағдарламаларына дауыс беретін болады. Егерде бір оппозициялық партия ертең халықтың сеніміне ие болып жатса, біраз дауыс жинап жатса, әрине ондай партия біздің заңдарымызға сәйкес Парламентке өтетін болады», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.¤

«Егер Жаңа Конституция қабылданса, Құрылтайға әлдеқайда көп өкілеттіктер беріледі» дейді депутат Амангелді Есбай. Мәжілісменнің айтуынша, Мемлекет басшысы Вице-Президентті, Премьер-министрді Парламенттің келісімімен ғана тағайындайды. Сондай-ақ депутаттар қандай да бір министрдің жұмысына көңілі толмаса, оны орнынан босатуға ұсыныс жасай алады

«Жоғарғы сот, Конституциялық сот, аудиторлық палаталардың  мүшелерін жаңағы Мемлекет басшысы Құрылтаймен бірге бекітеді. Сондықтан болашақтағы Парламент яғни Құрылтайымызға үлкен мүмкіндік беріліп отыр», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Есбай.

Оқи отырыңыз: Сәбен Тынышқали: Конституция – мемлекеттің жүрегі, халықтың үні, ұлттың ортақ келісімі