Сыбайлас жемқорлар депутаттық пен өзге де сайланбалы лауазымдарға үміткер бола алмайды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Жаңа Конституция жобасында сайлау құқығына қатысты нақты шектеулер айқындалды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа Конституция жобасында сайлау құқығына қатысты нақты шектеулер айқындалды. Құжатқа сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәсі сот тәртібімен танылған азаматтар сайланбалы лауазымдарға үміткер бола алмайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жобаның 35-бабында Қазақстан азаматтарының мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және сайлануға құқығы бар екені көрсетілген. Алайда 3-тармақта бірқатар шектеулер белгіленген.

Атап айтқанда, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар, сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған тұлғалар сайлауға, жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы жоқ.

«Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға қатысты кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлануға құқығы жоқ», - деп 35-баптың 3-тармағында нақты

Сондай-ақ Конституция жобасында әр азаматтың мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар екені, ал лауазымға қойылатын талаптар тек қызметтік міндеттің сипатына қатысты болатыны бекітілген.

Осылайша, жаңа Конституция жобасы мемлекеттік билікке үміткерлерге қойылатын талаптарды күшейтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қағидаттарды конституциялық деңгейде бекітіп отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Егер жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесінде жаңа Конституция қабылданса, ол 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал қабылданған күн мемлекеттік мереке – Конституция күні болып жариялануы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Жаңа Конституция жобасында азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау туралы норма алғаш рет бекітілді

Новости партнеров