Шымкентте әскердегі сарбаздар науқанға үлес қосты

15.03.2026 17:44

Шымкенттіктер референдум күні ерекше белсенділік танытуда. Әскердегі сарбаздар да, ақ жаулықты әжелер де, қол ұстасқан жас жұбайлар да өз таңдауын жасау үшін дауыс беру учаскелеріне келді. Тіпті кейбір тұрғындар учаске есігі ашылмай тұрып-ақ келіп, ел болашағына бейжай қарамайтынын байқатты. Ал ұйымдастырушылар олардың бұл ықыласына құрмет білдіріп, арнайы сыйлықтар дайындапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әли Иманбек – сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келді. 23 жастағы сарбаздың әскери борышын өтеп жүргеніне небәрі 6 ай болған. Ал өзі мұндай саяси науқанға қатысып, таңдау жасауға бірінші рет келіп тұр. Ел болашағына үн қосуға ерте келген жас жауынгер арнайы сыйлықтың иегері атанды.

«№131 референдум учаскесінде алғаш дауыс бергендердің бірі ретінде танылдым. Мен ҚР-ның саяси және қоғамдық шарасына белсене қатысқаным үшін қуаныштымын», – деді қатардағы жауынгер Әли Иманбек  

Енді бір учаскеге ақ жаулықты әжелер келіндерін ертіп келді. Жас буын үлкендердің өнегесін бойына сіңіріп, олармен бірге дауыс берді.

«Мен өзімнің құрбы-құрдас, замандастарыммен бірге және өкшелес, ізімізден келе жатқан келіндерімді ерте келдім. Ынтымағымыз жарасып, берекеміз арта берсін», – деді қала тұрғыны Талиға Төлепова.

Референдумға дауыс беруге жас отау иелері де келді. Жаңадан шаңырақ көтерген жұп ел болашағына бейжай қарамай, қол ұстасып таңдауын жасады.

«Жаңа Қазақстанның дамуына кішігірім үлес қосу мақсатында жұбайым екеуіміз дауыс беріп жатырмыз. Алдағы уақытта Жаңа Қазақстанның дамуына қосқан үлес деп білеміз», – деді қала тұрғыны Мәдижан Ордабек.

Референдум күні тек дауыс берумен шектелмеді. Бірқатар учаскеде мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Бірінде ұлттық спорт ойындарынан жарыс өтсе, енді бірінде халықтың тағам дайындау шеберлігі сыналды. Одан бөлек, жастардың көңілді флешмобтары ұйымдастырылды.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков

Оқи отырыңыз: Алматыда референдум учаскесінің алдында Абайдың «Көзімнің қарасы» әні орындалды

 

Теги: Шымкент