ТМҰ миссиясы дауыс беру учаскелерінің жұмысына қатысты мәлімдеме жасады

16.03.2026 13:00
ortcom.kz

Дауыс беру учаскелерінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды. Бұл туралы Түркі мемлекеттерінің ұйымы Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Қазақстандағы реформа аясында елеулі өзгерістер қамтылған. Референдум күні Түркі мемлекеттері ұйымы миссиясы үш топқа бөлініп, Астана қаласындағы 31 дауыс беру учаскесінде мониторинг жүргізді. Миссия әкімшілік немесе құқық қорғау органдарының дауыс беру учаскелерінің жұмысына араласуын байқамады. Адамдар өз еркімен келіп, дауыс беруіне барлық қолайлы жағдай жасалды", — деді Омер Коджаман елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, миссия ешқандай маңызды заң бұзу деректері мен сәйкессіздіктерді байқамады. Дауыс беру учаскелерінде халықаралық және жергілікті байқаушыларға барлық жағдай жасалып, ашықтық тәртібі сақталды.

"Референдум комиссияларында қажет ақпарат пен техникалық құрал-жабдықтар жеткілікті болды. Сондай-ақ миссия дауыс беру учаскелерінде ешқандай рұқсат етілмеген және заңсыз материалдарды байқамады. Мүгедектігі бар адамдар да өздерінің конституциялық құқығын жүзеге асыра алды. ТМҰ миссиясы ақпараттың дұрыс таралуы референдумның сәтті өтуіне ықпал етті деген қорытындыға келді. Түркі мемлекеттері ұйымының миссиясы Қазақстан Республикасында референдумның ашық өткеніне көз жеткізді. Барлығы халықаралық стандарттарға және елдің ұлттық заңнамасына сәйкес өткенін мәлімдейміз", — деді Омер Коджаман.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум барысында жүргізілген экзит-полл қорытындысымен танысты