Іссапардың басты мақсаты – Конституцияда бекітілген негізгі құндылықтарды түсіндіру
Әулиекөл ауданында Жалпыұлттық коалиция өкілдері өңір тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Жалпыұлттық коалиция мүшесі Берік Бейсенғалиев, сондай-ақ өңірлік коалиция мүшелері Қырмызы Жаңбыршина, Кенжеш Аманова, Альмира Жансүгірова және Айбек Танатбаев қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі referendum2026.kz-ке сілтеме жасап.
Іссапардың басты мақсаты – Конституцияда бекітілген негізгі құндылықтарды түсіндіру және азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілік пен заң үстемдігі мәселелері бойынша халықпен ашық диалог орнату.
Әулиекөл ауылындағы аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуде адам құқықтары мен бостандығының басымдығы, заң алдында бәрінің теңдігі, әлеуметтік қолдау кепілдіктері және құқықтық мемлекетті нығайтудағы азаматтық қоғамның рөлі талқыланды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев конституциялық нормалар мемлекет тұрақтылығының және қоғамдық келісімнің берік негізі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заң қағидаттарын толыққанды жүзеге асыру азаматтардың белсенді азаматтық ұстанымын қажет етеді.
«Конституциялық нормалар – еліміздің орнықты дамуының іргетасы. Олар қоғамдық келісімнің, адам құқықтары мен бостандықтарының негізін қалап, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді. Осы ретте, әр азамат өз құқықтарын біліп қана қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілігін де сезінуі тиіс», – деді ол.
Іссапар аясында бюджет саласының қызметкерлерімен кездесу өтті. Жиында коалиция мүшесі Қырмызы Жаңбыршина әлеуметтік қорғау тетіктерін жетілдіру, еңбек жағдайларын жүйелі түрде жақсарту, сондай-ақ халықпен тікелей байланыстың маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі күні халықтың үнін естіп, нақты сұраныстарын түсіну аса маңызды. Тек ашық диалог арқылы сенімді нығайтып, конституциялық нормалардың тиімді іске асуын қамтамасыз ете аламыз», – деді Қырмызы Жаңбыршина.
Сонымен қатар коалиция мүшелері Аманқарағай ауылындағы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» және «Қайсар Агро» кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында жұмыспен қамту және өндірістік қауіпсіздік бойынша пікір алмасты.
Қатысушылар Жаңа Конституция жобасында еңбек адамының құқықтарын қорғау күшейтіліп, әлеуметтік кепілдіктердің айқын әрі нақты бекітілетініне сенім білдірді. Ашық диалог форматы алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Оқи отырыңыз: Қонаевта жаңа Конституция жобасы мен негізгі институционалдық өзгерістер талқыланды