Тұрғындар референдумда дауыс беруді өз азаматтық борышы санайтынын айтты
Бүгін сағат 07:00-де Алматыда 653 сайлау учаскесі ашылып, жалпыхалықтық референдум басталды. Айта кетейік, қала тұрғындарының бірқатары учаскелерге ашылар алдында-ақ келіп, дауыс беруге сақадай сай болды, - деп хабарлайды Almaty.tv.
№8 мектеп-гимназиясының ғимаратында бірден екі сайлау учаскесі — №82 және №85 орналасқан. Учаскеге алғашқылардың бірі болып Күмішай Есенбаева келді. Ол Ұзынағаштан арнайы келіп, дауыс беру құқығын беретін куәлік арқылы дауыс берді.
"Бүгін референдумға келуімнің себебі — оны өз азаматтық борышым деп санаймын", — деді Күмішай Есенбаева.
Алғашқылардың қатарында дауыс бергендердің бірі — алматылық Дина Утамбетова.
"Мұндай маңызды оқиға ел үшін аса қажет. Сондықтан алғашқы болып дауыс беруді жөн көрдім", — деді Дина Утамбетова.
№85 учаскелік комиссиясының төрайымы Айнұр Сүйіндікова учаскеде сайлаушылар үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын айтты.
"Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы жағдай қарастырылған. Сондай-ақ келушілерге арналған фотоаймақ ұйымдастырылды. Біздің учаскеге барлығы 1850 сайлаушы тіркелген. Соның ішінде 23 азамат бүгін алғаш рет дауыс беріп отыр. Олар үшін шағын символикалық сыйлықтар дайындалды", — деді Айнұр Сүйіндікова.
Оқи отырыңыз: Алматыда референдум күні қоғамдық көлік пен сайлау учаскелеріне тегін жету ұйымдастырылды