Қазақстанда саяси дамудың жаңа кезеңі басталғалы тұр. Кеше ел азаматтары Конституция жобасы бойынша өткен референдумға қатысып, маңызды шешім қабылдады. Жаңа Ата Заң құқықтық жүйе мен мемлекеттік саясаттың дамуына жаңа серпін бермек, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Жаңа Конституция жобасы – тек заң құжаты емес, терең саяси трансформацияның көрінісі». Бұл – сарапшылардың пікірі. Енгізілген өзгерістер қолданыстағы Негізгі заңның 84 пайызын қамтыған. Демек, құжат мемлекет үшін жаңа саяси негіз қалыптастырады. Басты өзгерістердің бірі билік тармақтарының қызметіне қатысты болды. Атап айтқанда, парламентті реформалау, мемлекеттік институттар арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу қарастырылған. Саясаттанушылардың пікірінше, бұл құжат – кең ауқымды қоғамдық және сараптамалық талқылаулардың нәтижесі.
«Президент әлемнің ең дамыған елдерінің Конституцияларымен қатар, тең дәрежедегі Ата Заң болып бекітілді деп атап өтті. Бұрынғы Конституцияда да көптеген дамыған мемлекеттердің үлгісін алды. Сол Конституцияны жазған кезде немістер, Германияның азаматтары көмектескен болатын. Ал сарапшылардың айтуынша, осы жолғы Конституцияда нақты қазақ тілінде жазылған алғашқы құжат», – деді саясаттанушы Талғат Жанысбай.
Реформалардың әлеуметтік маңызы да ерекше. Сарапшылардың сөзінше, жаңа Конституцияда азаматтардың құқығы қорғалып қана қоймай, әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға да көңіл бөлінген. Әлеуметтанушылар «бұл – негізгі заңды заман талабына сай, технологиялық және экологиялық өзгерістер, әлеуметтік мәселелерге бейімдеудің айқын көрінісі» дейді.
«Адам өмірінің құндылығы, оның қадір-қасиеті, ар-намысы мен құқықтары – мемлекеттің бүкіл жүйесінің басты өлшемі. Әлем өзгеріп жатыр, соған сәйкес еліміз де, адамдардың өмір салты да түрленуде. Қазір барлық өзгерісті жүйелі әрі біртұтас болуына мүмкіндік беретін ортақ құқықтық негіз қалыптастырып отырмыз. Жаңа Конституцияның мақсаты да – осы», – деді әлеуметтану ғылымдарының докторы Шолпан Жаманбалаева.
Жаңа Конституция жобасы Қазақстанның алдағы жылдардағы стратегиялық даму бағытын айқындамақ. Сондай-ақ сарапшылар референдумға қоғам тарапынан жоғары қызығушылық байқалғанын ерекше атап өтті.
Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Орталық референдум комиссиясы дауыс берудің алдын ала нәтижесін жариялады