Нұрлан Бекназаров азаматтардың алдағы референдумға белсенді қатысуының маңыздылығына назар аударды
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы, Конституциялық комиссияның және жалпыұлттық коалицияның мүшесі Нұрлан Бекназаров жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық талқылау аясында 16-18 ақпан аралығында Жамбыл және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі referendum2026.kz-ке сілтеме жасап.
Сенаттың Баспасөз қызметінен хабарлағандай, жұмыс сапары барысында өңірлер тұрғындарымен, жұртшылық, ғылыми және мәдени қоғамдастық өкілдерімен, еңбек ұжымдарымен, студент жастармен кездесулер өтті. Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіруге баса назар аударылды.
«Жаңа Негізгі заңда жалпыұлттық бағдарлар мен ұрпақтар сабақтастығын көрсететін жаңа кіріспеден бастап сөз бостандығын, ғылыми, техникалық және шығармашылық қызметті қамтамасыз етуге, зияткерлік меншікті қорғауға, отбасы және неке институтын нығайтуға бағытталған нормаларға дейінгі заманауи және іргелі құндылықтар бірден бекітіледі», - деп атап өтті Нұрлан Бекназаров.
Сенатор Құрылтай, Вице-президент институттары мен Халық кеңесінің дамуын, сондай-ақ сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтумен қоса мемлекеттің институционалдық негіздерінің өзгеруін көрсететін ережелерге ерекше назар аударды.
«Жаңа Конституцияның жобасы конституциялық құрылыстың негізгі қағидаттарын сақтайды және сонымен бірге тұрақты және теңгерімді саяси-құқықтық жүйені қалыптастыра отырып, қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге жауап береді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар конституциялық негіздерді жаңғыртуға, еліміздің институционалдық іргетасын нығайтуға және орнықты дамудың ұзақ мерзімді үлгісін қалыптастыруға бағытталған», - деді сенатор.
Нұрлан Бекназаров кездесу соңында азаматтардың алдағы референдумға белсенді қатысуының маңыздылығына назар аударды.
Оқи отырыңыз: Сәбен Тынышқали: Конституция – мемлекеттің жүрегі, халықтың үні, ұлттың ортақ келісімі