Жалпыұлттық коалиция мүшелері Атырау облысында еңбек ұжымымен кездесті
Жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері Атырау облысы кәсіподақ орталығының еңбек ұжымы және түрлі саладағы кәсіподақ өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында құжаттағы негізгі өзгерістер, оның мазмұны мен қоғам үшін стратегиялық маңызы кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі referendum2026.kz-ке сілтеме жасап.
Жалпыұлттық коалиция мүшесі Әділ Жұбанов өз сөзінде жаңа Конституция жобасында әлеуметтік мемлекет қағидатының айқын сақталғанын атап өтті. Оның айтуынша, бюджет шығыстарының басым бөлігі білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларына бағытталады.
«Бұл өзгерістер халықтың сұранысы мен ұсыныстары негізінде әзірленді. Арнайы құрылған жұмыс тобы мен комиссия құрамында әр сала өкілдері еңбек етті. eGov порталы және өзге де ашық алаңдар арқылы мыңдаған ұсыныс түсті. Нәтижесінде қолданыстағы Конституцияның 77 бабына өзгеріс енгізу ұсынылды», – деді Ә. Жұбанов.
Сондай-ақ коалиция мүшесі Фатима Тулеева жаңа Конституция жобасын талқылау барысында отбасы құндылықтарына айрықша мән беріп, оның мемлекеттің мығым болуының негізі екенін атап өтті.
«Жаңа Конституцияда ғылымға, білімге, инновацияға үлкен басымдылық берілген. Оның ішінде кәсіпорындар халықтың арасындағы диалог алаңына айналуы керек екені сөзсіз. Сондықтан жас мамандарға, студенттерге айтатынымыз, ХХІ ғасырдың мұнайы ол – адам және оның ақыл-ойы. Атырау өңірінде іске қосылып жатқан мұнай өндірістерінің барлығы цифрландырумен жұмыс жасайтын болады. Сондықтан жаңа Конституция жобасындағы жасанды интеллект бағыты елдің дамуына ауадай қажет», – деді колалиция мүшесі Гүлзада Шакуликова.
Кездесу барысында кәсіподақ өкілдері өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жолдады. Олар жаңа Конституция жобасы еңбек адамының құқықтарын қорғауды күшейтіп, әлеуметтік кепілдіктерді нақтылай түсетініне сенім білдіріп, бастаманы қолдайтындарын жеткізді.
Оқи отырыңыз: «Қазсушар» бөлімшелерінде жаңа Конституция жобасы талқыланып жатыр