Жаңа Конституция жобасында қоғаммен диалог негізгі құндылық ретінде айқындалған - Дихан Қамзабекұлы

Видеодан кадр
Видеодан кадр

Қазақстан мемлекеті қызметінің негізгі құндылықтарының қатарында қоғаммен диалог бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада өткен «Референдум–2026» онлайн-марафонында жаңа Конституция жобасындағы қоғам мен билік арасындағы өзара іс-қимыл мәселесі кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, Конституциялық комиссия мүшесі Дихан Қамзабекұлының айтуынша, жаңа Ата заң жобасында қоғаммен диалог Қазақстан мемлекеті қызметінің негізгі құндылықтарының бірі ретінде көрсетілген.

«Қазақстан мемлекеті қызметінің негізгі құндылықтарының қатарында – қоғаммен диалог бар. Оның басты мақсаты – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір болу. Бұл үдерістің бірнеше сатысы бар. Ең алдымен, біз қоғамдық билікті түрлі деңгейде қарастырамыз: атқарушы билік және заң шығарушы билік. Заң шығарушы биліктің де қоғамдық диалогта өзіндік орны бар. Ол қоғамдағы түрлі пікірлерді жинақтап, оларды құқықтық негізге бағыттайды, заңнамалық тетіктер арқылы атқарушы билікке жеткізеді», – деді ол.

Сондай-ақ спикер азаматтық қоғам институттарының рөліне де тоқталды.

«Азаматтық қоғам, бизнес өкілдері – бұлар да қоғам өмірінің, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі құрамдас бөліктері. Олардың арасында да тұрақты сұхбаттастық жүруі тиіс», – деді Дихан Қамзабекұлы.

Ол қазақ қоғамының тарихи танымында да келісім мен бірліктің маңызы жоғары болғанын атап өтті.

«Халқымызда “Келісіп пішкен тон келте болмайды” деген сөз бар. Сондай-ақ “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді” деген нақыл бар. Мұның бәрі – өзара түсіністік пен келісімнің қоғам дамуы үшін шешуші мәнге ие екенін білдіреді», – деп түйіндеді ол.

Спикердің айтуынша, жаңа Конституция жобасында бекітілген бұл қағидаттар қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, елдегі демократиялық үдерістердің сапалы дамуына жол ашады.

Оқи отырыңыз: Қазақстан халықаралық аренадағы бейбіт ел ретіндегі рөлін нығайтады

Новости партнеров